Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде сегіз жүзден астам адам қаңғыбас иттерден зәбір көрген

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2019
  • 4338

Ит пен мысыққа чип салу игі бастама. Өскемендегі қоғамдық бірлестік өкілдері осындай ұсыныс жариялады. Егер үй жануары қараусыз қалса, иесі салық төлеуі тиіс. Шығыс өлкедегі жанашыр топ басқа да ұсыныс-тілектерін Үкіметке жолдады. Игі жоба жөнінде келесі бейнематериалда.

Саяжай маусымы аяқталысымен, өнімін жинап алған өскемендіктер үй жануарларын қараусыз қалдырып кетеді. Соның салдарынан қаңғыған ит пен мысық көбейген. Әсіресе босып жүрген иттер бұл маңдағы тұрғындардың үрейін алып отыр. Евдокия Охрименко немерелерін мектепке дейін, мектептен кейін жетелеп әлек. Айтуынша қарғыбаусыз, қараусыз қалған төртаяқтылар қауіп төндіріп тұр.

Евдокия ОХРИМЕНКО, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз балаларымызды сыртқа шығаруға қорқамыз. Мектепке дейін жетектеп апарып, жетектеп алып келеміз. Топ болып алған иттер соңғы аялдамаға дейін торуылдап жүреді, әне анау төбеде бес-алтауы отыр. Таңертең болсын, кешқұрым болсын бұл маңнан өту қауіпті болып барады.

Шаһар шетіндегі бірнеше саяжай кооперативі шынымен сабалақтар мекеніне айналған. Тұрғындар олардың кейде жем іздеп қалаға кіретінін айтады. Еріктілер күз келгелі тәлімбаққа жүзге тарта ит пен мысықты жеткізіпті. Егер үй жануарларының иесіне салық төлетсе, мұндай проблема болмас еді, -дейді олар.

Елена НАСОХОВА, «ПРЕДАННОЕ СЕРДЦЕ» ҚБ ТӨРАЙЫМЫ:

Дамыған елдерде: Еуропада, АҚШ-та зарарсыздандырылмаған жануарлардың салығы өте жоғары. Жануарды көбейтуге, сатуға немесе тегін үлестіретін болсаң «адамдарға қуаныш сыйлау» деген позициясы бар. Салық төленсе болды. Егер жануар зарарсыздандырылған жағдайда, оның салығы азырақ. Ал жануарды питомниктен алып кеткен адам мүлдем салық төлемейді.

Көше кезген ит- мысыққа питомник салғаннан проблема шешілмейді. Жергілікті билік жаңа тәлімбақ құрылысына бюджеттен 11 миллион теңге бөлуге дайын. Бірақ бұл қаражат жетпейді, дейді жануарлар жаңашырлары. Бұл қаржыны еріктілердің қолына ұстатып, сабалақтар мен марғауларды үйлеріне алып кетуге көндірген әлдеқайда ұтымды екенін жеткізді.

Лариса ПРОКОПЬЕВА, ЖАНУАРЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ  ДИРЕКТОРЫ:

Көше кезген ит мысықтың көзін құрту немесе шұғыл бір жерге апару керек. Алайда арнайы орталық жоқ. Біз келісім-шарт негізінде қала тұрғындарын жобаға қатысуға шақырамыз. Олар келесі бір адам табылғанша белгілі соммаға жануарларды асырайтын болады.


Жануарларға блогерлер де жанашырлық танытып жүр. Баланың көзінше итті атып тастаған атышулы видеодан кейін, блогер Әлішер үй жануарларын атуға қарсы қол жинай бастаған.

Әлішер АЛАШПАЕВ, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Иттерді атпай, көзін құртпай басқа да амал табуға болады ғой. Мен үй жануарларын атуға қарсы интернет қолданушылары арасында қол жинауға үн тастадым. Қолданушылардың пікіріне сәйкес шамамен 80-85 пайыз адам мені қолдады.

Жануарларды қорғаушылар ит пен мысыққа чип енгізуді ұсынып отыр. Жоба қалалық мәслихат депуттарына жолданды. Жанашыр топ  чип арқылы жануардың иесін оңай анықтауға болатын айтады.

З. Санай