Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы 16 мектептің директорына 580 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 13 қараша 2019
  • 6243

Оралдағы 16 мектепке жарты миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін. Бұған мектептегі оқушы санының тым көптігі себеп. Негізі сыныптағы оқушы саны 25-тен аспауы керек. Бірақ бұл талап қала мектептерінде сақтала бермейді. Қазір шаһардағы бес білім ошағы үш ауысыммен оқып жатыр. Халық көп қоныстанған жаңа ықшам аудандарда үлкен мектептер салынғанымен, баланың бәрін қамтып үлгіру мүмкін болмай отыр. 

«Қара тізімге» іліккен №47 мектеп 1200 оқушыға арналған. Бірақ мұнда 2800 бала оқиды. Шәкірттің көптігі соншалық, бесінші сыныптан 14 класс бар. Айналып келгенде баланы көбірек қамтуға тырысқан 16 мектептің директоры жазықты болды. Бұл білім ошақтарына 580 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін. 

Наталья ЕРҒОЖИЕВА, ОРАЛ қ. №47 МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

1200 балаға арналған қызметтің орнына біз екі есе жарым қызмет атқарып отырмыз былай қарағанда. Ол баламен жұмыс істейміз, ол балалардың ата-аналарымен жұмыс істейміз. Біз уақытпен санаспаймыз. Таңнан кешке дейін сол бала келгеннен кеткенге дейін қызмет атқара отырып, енді ол үлкен көлемде 580 мың теңге көлемде айыппұл төлеу бізге оңай емес. Кеше түнімен уайымдап шықтым. 

Оралдағы 51 мектепте 54 мыңнан астам бала білім алады. Соңғы екі жылда оқушы саны 6 500-ге өскен. Сондықтан 5 мектепті үш ауысымда оқытуға мәжбүрлеген. Ал бақылаушы орган бұған жол берілмеуі тиіс дейді. 

Мәдениет ТАНАУОВ, ОРАЛ қ. ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

16 мектепке нұсқама берілді ғой. Солардың мерзімі алты ай. 6 айдан кейін бұл нұсқама орындалмаған жағдайда материал сотқа жіберіледі. 

Нұсқаманы орындау үшін мектеп директорларына жарты жылға мұрсат беріліпті. Кемшілік осы уақыт ішінде түзетілуі тиіс. Әйтпесе мектепке айыппұл салынады. 

Батиқа ПАЙДИНА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Білім беру бөлімінің жасаған жұмыстары жөнінде, мектеп басшыларының жасаған жұмыстары жөнінде барлық мәліметті біз дайындап жатырмыз. Әрине, қазір директорларды да қорғап, жағдайды түсіндіруге бәріне мәліметті дайындап отырмыз. Әрине, түсіндіруге тырысамыз. 

Білім басқармасы бұл мәселені қалай шешетінін білмейді. Артық баланы оқу жылы ортасына таяғанда шығарып та тастай алмайды. Ал, айыппұл төлеуге мектептердің қауқары жоқ.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Қазір біз қала шетіндегі жаңа ықшамаудандардың біріндеміз. Айналамыз толған көпқабатты үйлер. Қала әкімдігінің дерегінше, бұл жердегі тұрғындар саны 50 мың адамнан әлдеқашан асып кеткен. Ал мектеп мәселесі шешілуі үшін бұл жерден сыйымдылығы үлкен бір емес, бірнеше білім ордасы салынуы керек.

Енді қалада әрқайсысы 900 орындық үш мектеп салынбақ. Біреуінің құрылысы енді басталды. Білім ордалары пайдалануға берілгесін, 3 мың оқушыны қамтиды. Бірақ ауылдан қалаға ағылғандардың мәселесі реттелмейінше, жағдай өзгермейтіні анық. 

Е. Карин