Келер жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы елді-мекендерге мемлекеттік қызметшілер жіберуі мүмкін. Өйткені ауылдық жерлерде сапалы маман тапшы. Бұл туралы бүгін Үкімет сағатында Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов мәлімдеді. Мәселенің шешімі ретінде заңгер, есепші мамандарға арнайы штат бөліп, ауылдарға қызметке жіберу көделіп отыр. Әлихан Асқарұы жалғастырады.
2020 жылдан бастап, 1 мың 338 ауылдық округ өзін-өзі қаржыландыруға көшеді. Қаражат көлемі қомақты, 600 миллиард теңге. Шенділерді алаңдатып отырған, сол қаражатты мақсатты игеретін ауылды жерде маман жоқ.
Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Кадрлардың жетіспеушілігі туралы сұрақ өте маңызды. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде, ауылдық округтердің 31%-да білікті есепші, заңгер мамандары тапшы екені анықталды. Сондықтан, қосымша штаттар қарастыру қажет.
7 түрлі жергілікті салықтан түсетін ақша енді тікелей ауылдарға бөлінеді. Бұл ақшаға олар бірінші кезекте әлеуметтік саланы дамытуға тиіс.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Білікті бухгалтерлермен және заңгерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін шаралар қабылдап, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының штат санының лимитін қайта қарау қажет. Онымен бірге, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына мемлекеттік қызметкерлер енгізілуі тиіс.
Қаржының мақсатты игерілуі де өзекті. Осыған орай, депутаттар жергілікті қаражатты кім бақылауға алатынын Ұлттық экономика министрінен сұрады. Бірақ сауалға түсінбеген Руслан Дәленов басқаша жауап қатты.
Омархан ӨКСІКБАЕВ:
- Но, я на русском скажу. Поскольку вы по казахски слабовато понимаете.
Владимир БОЖКО:
- Но он с переводом, не надо!
Омархан ӨКСІКБАЕВ:
- Наверное у него перевод не точный. Он не понял.
Осылайша қаражатты кімнің бақылайтыны жауапсыз қалды. Салық әр жылдың қараша айына дейін төленеді. Ал оған дейін өзін-өзі қаржыландыруы тиіс ауылдар қалай күн көреді деген сұрақ та депутаттарды мазалады. Министр Руслан Дәленов болса, бұл мәселені заң жобасында әлі де қарастыратынын айтты.
Ә. Асқарұлы