Русский Сайттың толық нұсқасы

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының металлургия зауытында жарылыс болып, 6 адам жарақаттанды

  • AstanaTV
  • 12 қазан 2017
  • 3110

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты кәсіпорында тағы да жарылыс. Теміртау қаласындағы металлургия зауытында газ құбыры атылып, 6 адам жарақат алды. Компания басшылығының хабарлауынша, төтенше жағдай жұмыскерлері батарея құбырларына бітеуіштер орнатып жатқан кезде болған. Салдарынан газға уланып, денелерін қатты күйік шалған 3 адам ауруханада ауыр халде жатыр. Оқиғаның нақты себебін арнайы құрылған комиссия анықтауға кірісті. Ал аталған дерек бойынша "еңбекті қорғауды бұза отырып, денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабымен" қылмыстық іс қозғалды. Толығырақ тілшіміз Айжан Қуаш хабарлайды.

Айжан Қуаш, тілші:

Төтенше жағдай бүгін таңертеңгі 11 сағат шамасында болған. 6 жұмыскер кокс өндірісінде аралас газ толтырылған  құбырды бітеп жатқан кезде, ол кенет атылып, жанған. Салдарынан 6 металлургті күйік шалды. Науқастардың үшеуі ауыр халде Теміртау қаласындағы орталық аурхананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Ақ халаттылардың айтуынша, науқастардың тамағын қатты күйік шалған. Әрі газға уланған. Ал жағдайлары орташа ауыр тағы 3 металлург Қарағанды облыстық травматология орталығында ем алып жатыр.

Видади Джамаледдинов, Мақажанов атындағы ҚО травматология және ортопедия орталығының бөлім меңгерушісі:

Барлық науқастардың беттері мен алақандары күйген. 2-3 дәрежелі күйік.Тиісті ем-шара жасалды. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы басшылығының мәліметінше, құбырды бітеу жұмысы алдын ала жоспарланған. Сөйтіп, ол газ цехының 4 жұмыскері мен кокс және газдан құтқару бөлімдерінің мамандарына тапсырылған. Сондықтан құбырдан ақау кетуі мүмкін емес,- дейді.

Евгений Маркин, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің еңбек және өндірістік қауіпсіздік бойынша директоры:

Бұл құбырлар кокс батареяларына жылу береді. Кокс және домна газдарына толтырылған. Алдын ала бітеуіш орнату үшін газдың қысымын азайтылып дайындалған. Алайда, құбырдың неге атылып кеткені белгісіз.

Қазіргі таңда оқиғаның нақты себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына еңбек және өндірістік қауіпсіздікті бақылау мамандары мен "Арселор Митталдың", сондай-ақ «Жақтау» металлургтер кәсіподағының өкілдері кірген.

Станислав Сытник, өндірістік қауіпсіздік және индустриалдық даму комитетінің облыс бойынша жетекшісінің міндетін атқарушы:

Еңбек инспекторлары мен барлық тараптың өкілдері техникалық, технологиялық тексерулерге қатысады. Бұл материалдар тергеу орындарына жіберіледі. Сөйтіп, оқиғаның себебі мен кінәлі тұлғалар анықталады.

Айжан Қуаш, тілші:

Айта кетерлігі, құбырды бітеу кезінде бұдан бұрын да бір жұмыскер қаза тапқан болатын. Ал жалпы «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорындарында биыл 14 оқыс оқиға тіркелген. Оның біреуінде адам шығыны бар.

Айжан ҚУАШ