Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте білікті трансплантолог қамалды

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2019
  • 2337

Шымкентте шу шықты. Белгілі трансплантолог «трансұлттық қылмыстық топқа қатысу» және «адам органдарын заңсыз алу» баптарымен күдікке ілікті. №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері қамауға алынды. Ол қылмыстық топ мүшелерімен сөз байласып, елде тиым салынған қылмысқа барған болуы мүмкін. Білікті хирург қай жерден сүрінді? Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.  

Мына кадрда Абылай Донбай бас болған ұжым ағза алмастырудың 100-ші операциясының сәтті өткенін атап өтіп жатыр. Ол №1 қалалық клиникалық аурухана басшылығына биыл наурызда келген еді. Танымал трансплантолог ақпан айында елде медициналық туризмді дамыту туралы да бастама көтерген болатын. Ал бүгін ол уақытша ұстау абақтысында отыр. Оған «трансұлттық қылмыстық топқа қатысу» және «адам органдарын заңсыз алу» баптарымен айып тағылды.  

Рашид ЖАҚЫПОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Заңға сәйкес қылмыстық істің егжей-тегжейін ашып айта алмаймын. Бірақ, біз тергеген іс бойынша заңсыз трансплантация жасау фактісі бойынша бұлтартпау шарасы таңдалғанын айта аламын. Оған қатысты ұстау шарасы қолданылды.

Қылмыстың бір ұшы осы жазда қылаң берген еді. Маусым айында Украина Ұлттық полициясы басшысының орынбасары Вячеслав Аброськин өз азаматтары органдарын Қазақстанда арзанға сатқанын мәлімдеді. Сол кезде ол 20 заңсыз ота жасалғанын хабарлады. Бүгін аурухана қызметкерлерімен тілдеспек болған едік, олар қарсылық танытты.  

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2017-2018 жылдары ел аумағында адам органдарын алмастырып келген қылмыстық топ тұрақты әрекет еткен. Материалдық жағдайы ауыр Өзбекстан, Қырғызстан, Украина азаматтары донор ретінде тартылып, бүйректерін сатқан. Ал реципиенттер алыс шетелдердің, негізінен Израильдің қалталы азаматтары болған. Денсаулық сақтау басқармасы басшысы бұл келеңсіздік жайлы әлеуметтік желіден хабардар болғанын айтты.  

Асхан БАЙДУВАЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Призумпция деген бар, призумпция не виновность соны сақтауымыз керек, үшіншіден, моральдық -этикалық нормаларымызды да сақтауымыз керекпіз. -Өзіңіз қаншалықты сенесіз осындай қылмысқа қатысы бар, осы қылмыс орын алғанына?

-Енді мен оны жаңа айтып кеттім, мен оны қазір айтпаймын, өйткені енді моральдық-этикалық нормаларды сақтайық, көрейік, барлығын күтейік.

-Қандай мінездеме бересіз?

-Мінездемені де бере алмаймын.

Ресми мәліметке сүйенсек, клиникалық ауруханада биыл 16 бүйрек және 3 бауыр алмастыру операциясы жасалыпты. Барлығы да туыстық донорлар. Шетел азаматтарына ота жасалмаған көрінеді. Ал былтыр 17 шетел азаматына трансплантация жасалғаны айтылған. Ол кезде Донбай мырза өз сұқбатында сырттан келетіндер донорды өздерімен ерте келеді деген-ді.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Бұл полицейлер мәлімдеп отырған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін дәрігер-трансплантолог Құттымұратов және қылмыстық топ мүшелерінің бірі - Қырғызстан азаматы ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық іс жақын арада сотқа жолданбақ.

А. Төрекекқызы