Русский Сайттың толық нұсқасы

ХІІ "Жан шуақ" қоғамдық сыйлығы табысталды

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2019
  • 3699

Елордада «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының жүлдегерлері марапатталды. Аталған сыйлық елдің мәдени, спорт және қоғамдық өміріне белсене араласқан мүмкіндігі шектеулі жандарға беріледі. Іс шара «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған. Партия төрағасының бірінші орынбасары жобаның әрі қарай жанданатынын атап өтті.  

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:  

Өздеріңіз білетіндей 2014 жылы Елбасы осындай ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету керектігін тапсырған еді. Сол кезден бастап «Кедергісіз келешек» жобасын бастадық. Шын мәнінде осы азаматтарға біз жан-жақты ел болып қолдау білдірсек, онда ешқандай кедергі болмас еді.

«Жан Шуақ» сыйлығы биыл да дәстүрден жаңылмай 7 аталым бойынша табысталды. Премия лауреаты Жадырасын Сәдуақасов 2012 жылдан бастап мүгедектер конфедерациясымен тығыз жұмыс істейді. Ол мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдайды күшейте түсу қажеттілігіне тоқталды.  

Жадырасын СӘДУАҚАСОВ, "ЖАН ШУАҚ" СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ: 

Мен конфедерациядағы сарапшылар тобын басқарамын. Қазір мүгедектерге жеңілдіктер жасауда, қолжетімділікте қателіктер көп. Оны өз көзіммен көріп отырмын. Мамандар жоқ. Ең бірінші мамандарды дайындаудан бастау керек. Түсінікпен сана өзгеруі керек. Сонда ғана жағдай жақсара түспек.

Бауыржан Байбек соңғы үш жылда «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 20 мыңнан астам нысан жабдықталғанын айтты. Заңға 78 түзету енгізіліп, құрылыс талаптары мен ережелері қайта қаралғанын атап өтті.  

Ғ. Өтемісов