Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа күн электр стансасы ауадағы көмірқышқыл газын 150 мың тоннаға азайтпақ

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2019
  • 2464

Алматы облысындағы күн электрлі станциясы ауадағы көмірқышқыл газын жылына 150 мың тоннаға дейін азайтады. Бұл туралы жаңа заманауи электр бекетінің мамандары мәлімдеді. Жоба «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының қолдауымен қытайлық инвестиция арқылы үш ай бұрын ашылған. Бүгінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 170 жоба іске қосылған. 

Алматы облысындағы көпсалалы сорғыларды құрастыратын кәсіпорынның іске қосылғанына бір жарым жыл болды. Нысанның құрылысына неміс инвесторы төрт миллион еуродан аса қаржы салған. Қазір мұнда әртүрлі салаға арналған сорғылар құрастырылады. Оған қоса сұйықтықтың қуатын арттыратын құрылғылар да бар.  

Руслан НАГАЕВ, «WILO CENTRAL ASIA» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК БАСШЫСЫ: 

Инвестор неге Қазақстанды таңдады десек, еліміздегі инвестициялық ауа райы қолайлы әрі жеңілдіктер қарастырылған. Бүгінге дейін біз жетпістен аса сорғы құрастырдық. Сұраныс артса, өндірісті де арттырамыз.

Ал ресейлік инвесторды елдің логистикалық мүмкіндігі қызықтырған. Бірнеше ай бұрын облыста өндірістік және қозғалтқыш майларын өндіретін зауыт жұмысын бастады. Бүгінде өндіріс қуатты 100 мың тоннаға жеткен. Отандық өнім шетелге де экспортталады.   

Роман ГРИНЕВ, «ЛУКОЙЛ» ҚАҚ БАС ҚАРЖЫГЕРІ: 

Қазақстанның географиялық орналасуы өте тиімді. Қытай мен Ресейді байланыстырады. Оған қоса, Батыс Еуропа - Батыс Қытай көлік және теміржолы бар. Бүгінде компания ішкі нарықтың 10 пайызын қамтамасыз етеді. Ендігі мақсат - ішкі сұраныстың 25 пайызын жабу.

Елдегі өнідірісті дамытуға ниет еткен шетелдік инвесторлар «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының қолдауымен жұмыс істейді. Бүгінде осындай жетпістен аса жоба жүзеге асырылған. Барлығы ұзақ мерзімді, екіжақты табысқа арналған. Жобалардың бірі күн нұрынан қуат алтын электр стансасы. Ол көмірқышқыл газының мөлшерін жылына 150 мың тоннаға дейін қысқартуға қабілетті.  

Петр ТУРОВ, «NURGISA100 MW SOLAR PARK» КҮН СӘУЛЕЛІК ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ШЕБЕРІ: 

Елдегі барлық ескі электр станциялары ауаға көмірқышқыл газын көп бөледі. Ал біз сол зиянды заттарды азайттық.

Дарья ОВСЯННИКОВА, «KAZAKH INVEST» ҰҚ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АЙМАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Біздің басты мақсат - инвесторға жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасау. Нәтижесінде жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары көбейеді. Оған қоса, инвестиция көлемі де арта түседі.

Шетелдік қаржыгерлерді елде жұмыс істеуге қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Жыл соңына дейін тағы он кәсіпорын ашылмақ.  

А. Кемелжан