Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда қос балабақша пайдалануға берілді

  • AstanaTV
  • 27 қараша 2019
  • 5151

Тұңғыш  Президент күні қарсаңында Атырауда екі бірдей балабақша пайдалануға берілді. Заман талабына сай салынған  еңселі ғимараттарды НСОС компаниясы сыйға тартты. Заманауи мекемелер дамуы тежелген балалар үшін де арнайы топтар ұйымдастырып отыр. Бұдан бөлек бірнеше адам жұмыспен қамтылды.  Ата-аналарды қуанышқа бөлеген салтанатты шарадан тілішіміз баяндайды.

Еркінқала ауылында ашылған жаңа "Болашақ" балабақшасының салтанатына Зәуре әжей немересі Рамазанды арнайы ертіп келген. Екі жасқа толатын бүлдіршінін осы мекемеге бермекші. Әжей жекеменшік бақшада жүрген 3 жастағы немересінде осында ауыстыруды жоспарлап қойған. 

Зәуре ТӨЛЕГЕНОВА, ТҰРҒЫН:

Баламызды тастайтын жеріміз жоқ. Келін енді жұмысқа шыға алмай балаға қарайлап отыр. Алла разы болсын. Балабақшаның ашылғанына бәріміз де қуаныштымыз. Бір немереміз жеке балабақшаға барады. Ол қымбаттау.


Бұл ауылдың тұрғындары балаларын бұған дейін 13 шақырым қашықта жатқан қалаға тасып келді. Сондықтан жаңа бақшаның ашылғанына ең алдымен ата-аналар қуанышты. Жаңа бөбекжай 290 балаға арналған.  Мұнда тіпті 1 жастағы сәбилерге арналған топтар ашылмақ. Бұдан бөлек, "Нұрсая" мөлтекауданынан 320 орындық балабақша да бүгін келушілерге есігін айқара ашты. Заманауи жабдықталған қос ғимаратта аспаздар үшін жүк лифтісі қойылған.

Жайнагүл АЛТЫБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр. Ұзақ күттім. Ұлымды босанғаннан балабақша кезегіне тіркелдім. Үш жасқа толды. Қазір үш жарым жаста. Үш жасқа толғаннан кейін енді қайтсем екен деп жүргенде  осы балабақша ашылып кенеттен, қуанышым қойныма сыймай тұр.

Ауыз толтырып айтар тағы бір ерекшелігі, бұл балабақшаларда дамуы тежелген балаларға арнайы топтар жасақталады. Қазіргі таңда ондай 109 сәби, қала бойынша балабақша кезегінде тұр.

Фейруза ШАНГЕРЕЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Бүгінгі күні жаңадан ашылып жатқан балабақшалардың бәрінен бір бір ерекше білімді қажет ететін балаларға сондай топ ашып жатырмыз. Олармен арнайы өзінің мұғалімдері бар.Ол дефектологтар, логопед мамандары солар олармен жеке жұмыс жасайды. Бұл екі балабақшаның екеуі де НСОС компаниясының демеушілігімен, солардың  проектісі бойынша жасалынған.

Ел игілігіне берілген екі балабақшада 150-дей маман жұмыспен қамтылды. Айта кетейік, шаһарда 15 мыңдай сәби әлі өзінің кезегін күтіп тұр.  Оларды қамту үшін келесі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тағы 9 бақша салынады.

Б. Надирқызы