Русский Сайттың толық нұсқасы

"Манчестер Юнайтед" "Астанаға" қарсы ойында қосалқы құраммен ойнайды

  • AstanaTV
  • 27 қараша 2019
  • 2339

"Манчестер Юнайтед" "Астанаға" қарсы ойында қосалқы құраммен ойнайды. Англиялық клуб бапкері Уле Гуннар Сульшер жасанды жасыл алаңда ойнауға 18 ойыншы әкелді.Олардың 10-ы жас және бұған дейін клубтың негізгі құрамында ойнамаған. Бірнеше сағат бұрын қос команданың матч алдындағы баспасөз конференциясы аяқталды. Дәл қазір «қызыл сойқандар» «Астана Арена» стадионында жаттығу өткізіп жатыр. Тілшіміз Әлішер Өмірзақ студиямен тікелей байланыста. Әлішер, футболшылардың ертеңгі матчқа дайындықтары қалай?

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:


Кеш жарық, Ләйла! Дәл қазір Нұр-Сұлтанда 9 градус нөлден төмен. Мұндай ауа-райына үйренбеген англиялық футболшылар қымтанып алып, ертеңгі матч алдындағы жаттығуларын пысықтап жатыр. Әлемдегі ең қымбат клубтардың бірі саналатын Манчестер Юнайтед бұл жолы да 3 ұпай иеленуге ниетті. Дегенмен «Астананың» бас бапкері Роман Григорчуктың өз жоспары бар. 

Роман Григорчук, «АСТАНА» ФК БАС БАПКЕРІ: 


Біз әдемі ойын өрнегін көрсеткіміз келеді. Жеңістен дәмеліміз. Оңай болмайтыны анық, қарсылас мықты. Ынталандырып, жігерлендіруді айтудың қажеті жоқ. Өйткені бұл біз үшін үлкен оқиға. 

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ: 


«Астана» ертең алаңға негізгі құрамда шығады. Бұл матчта елордалық клуб жеңіске жетсе де өкінішке орай топтан шығу мүмкіндігі жоқ. Ал  Манчестерлік клуб әзірге 10 ұпаймен бірінші орында. Сондықтан Поль Погба секілді негізгі жұлдыздары келмеді. Ал мұнда жаттығып жүргендердің ішінде көпшілікке жақсы таныс және ұлттық құрама қатарында көзге түсіп үлгерген Джейси Лингард және Люк Шоу бар. Қазақстандық футбол сүйер қауым көптен күткен матч ертең кешкі 10-да басталады. Жақсы  ойынның кәусі боламыз деген сенемдемін. Ләйла...


Рақмет, Әлішер! Астаналық клубқа біз де сәттілік тілейміз.