Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның даму банкінің қолдауымен жаңа жел станциясы салынды

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2019
  • 2331

«Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы - Қазақстанның Даму Банкі жасыл жобаларды белсенді қаржыландырып келеді. Биыл Қостомар кентінде қуаты 50 мегаватт болатын жел электр станциясының алғашқы кешені іске қосылды. Компания басшыларының айтуынша, құрылыстың екінші кезеңі келер жылы аяқталмақ. Бұл 10 мыңнан астам отбасын электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ірі эко-жоба жайлы әріптесім Ғалымжан Өтемісов тарқатады.

Елорда маңында орналасқан жел электр станциясында 15 жел генераторы орнатылған. Құрылғыларды "ЦАТЭК GREEN ENERGY" компаниясы  Даниядан арнайы алдырыпты. Қондырғының әрқайсысы қуаты 3,3 МВт болатын энергия көзін өндіреді. Жобаны жүзеге асыруға  екі жылда 45 миллиард теңге жұмсалған. Отандық компанияға Қазақстанның Даму Банкі қаржылық қолдау көрсетіп отыр.

Айжан БИТЕБАЕВА, "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ БАНКІ" АҚ АҒА БАНКИРІ:

Банк жасыл энергияны өндіретін компанияларға айрықша қолдау көрсетеді. Қаржыландыру 2017 жылдың желтоқсанында ашылды. Ол кезде 30,5 миллиард теңгеге несие ұсындық. Несиенің мерзімі 10,5 жылға жоспарланған. Жылдық сыйақы мөлшері -12,58%.

Парк құрылғылары аймақтың суық климаттық жағдайына бейімделген. Бұл аумақта әкімшілік-тұрмыстық кешен де орналасыпты. Келешекте мұнда энергияны зерттеу орталығын құру жоспарланып отыр.

Еділ САРЫЕВ, "ЦАТЭК GREEN ENERGY" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Бірінші іске қосу кешені бойынша жылына шамамен 170 млн кВт өндіргіміз келеді. Экологиялық таза электр энергиясын өндіру арқылы парниктік газдардың шығынын қысқартатын боламыз, ал бұл жылына 230 мың тонна парниктік газ. Сонда бір жыл ішінде 113 мың машинадан шығатын зиянды газдардың залалын азайтамыз.

Парк құрылысының екінші кезеңінде тағы 15 жел генераторы орнатылмақ. Демек өндірістік қуат тағы 100 МВт-қа дейін артпақ.

Ғ. Өтеміcов