Тарихи жеңіс! Елордалық «Астана» Англияның ең атақты клубын 2-1 есебімен тізе бүктірді. Алғашқы болып гол жіберіп алғанымен Роман Григорчук шәкірттері ойынның екінші бөлігінде жеңісті жұлып әкетті. Толығырақ, ойынға барып, арнайы репортаж дайындап қайтан тілшіміз Әлішер Өмірзақтың материалында.
Қазақстандық футбол сүйер қауым көптен күткен матч Астананың жеңісімен аяқталды. Десе де бірінші болып қонақтар есеп ашқан еді. Ойынның 10-шы минутында «қызыл сойқандардың» лидері Лингард дәл соққысымен көзге түсті.
Ойынның бірінші бөлігі аяқталғанға дейін тақтайшадағы есеп өзгерген жоқ. Ал 54 минуттында сол қапталдағы қорғаушы Дмитрий Шомко шабуылға шығып, қиын бұрыштан соққы жасады. Манчестердің үшінші қақпашысы саналатын 36 жастағы Грант Ли тырысқанымен.. есеп 1-1
Стадиондағы 29 мыңға жуық жанкүйердің қолдауынан шабыттанған "Астана" арада 7 минут өткен соң есепті еселей түсті. Бұл жолы да көзге түскен қорғаушы Антонио Рукавино. Оның оң қапталдан жасаған пасы 19 жастағы манчестерлік Дишон Бернардтың кеудесіне тиіп, қақпа торынан табылды.
Осылайша топтық кезеңде алғашқы жеңісіне қол жеткізгені үшін «Астана» футбол командасы 570 мың еуро алады. Ал жалпы биылғы еурокубоктық маусымдағы табысы төрт миллион еуродан астам. Ал "Астанаға" жеңілгенмен әлі де топта 1-ші орында тұрған Манчестер Юнайтедтың бапкері елордалық клуб сапындағы үздік ойыншыны атап өтті. Жеңілу себебіне де тоқталды.
Оле-Гуннар СУЛЬШЕР, "МАНЧЕСТЕР ЮНАЙТЕД" БАС БАПКЕРІ:
Біз жақсы ойнадық. Қарсыластарымызға қақпамыздың алдына прессинг жасауға мүмкіндік беріп қойған кездеріміз болды. Сондай 10 минутта 2 гол жіберіп алдық. Бұл біздің жігіттер үшін үлкен сабақ болды. Жеңісті жұлып әкетуімізге мүмкіндіктер болған. Бірақ кейбірінде қақпашы мықты сейфтер жасап, қақпасын қорғап қалды. Маған қорғаушы Шомконың ойыны ұнады. Егер ол жастау болғанда Манчестер сапына шақырар едім.
Бұл матч жайлы қазақстандық қана емес, шетелдік танымал БАҚ өкілдері де жарыса жазып жатыр. Мәселен «Еуроспорт.ру» агентітгі «Шок в Казахстане» десе, «Manchester Evening News» «Астана қызыл сойқандарға қатаң сабақ болды», дейді. Ал «Гуардиан» Нұр-Сұлтанда ауа-райы суық болғанымен, стадион іші ойынға үлкен септігін тигізетіндей аса суық болмағанын жазды. Айта кетейік, Астананың Еуропа лигасы аясында соңғы матчы қалды. Оны сербиялық «Партизан» клубына қарсы өткізеді.
Ә. Өмірзақ