Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 350-ге жуық отбасы баспаналы болды

  • AstanaTV
  • 03 желтоқсан 2019
  • 2972

Атырауда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 350-ге жуық отбасы баспаналы болды. Әсіресе, тұрғын үй кезегінде жылдап тұрып, баспана зарын тартқан көп балалы отбасылар қуанышқа кенелді. Аймақта мемлекеттік бағдарламалардың барлық тармағы бойынша жұмыс қарқынды ұйымдастырылуда.  Тілшіміз баяндайды.

Көп балалы отбасы Ахметовтердің қуанышында шек жоқ. Отағасы жұбайы- балаларымен жаңа пәтерді аралап жүр. 9 баласының үлкендері аяқтанған. Енді қалғандарының қуанышын өз баспанамызда тойлаймыз,-дейді.

Жанна АХМЕТОВА , АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Көптен күткен қуанышымыз жүрегімізге сыймай жатыр. Өзім 11 бала таптым, 9 балам бар қазір. Қыз-күйеу балдарым бар. 2012 жылы құжат тапсырдым. Содан бері кезекте тұрмын. Оған дейін сәтбаев 8  үкімет уақытша берген үйде тұрдым. Шүкір балаларым аман. Балаларым қуанып жатыр, көп-көп рахмет.


Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында  Атырауда 4 үй пайдалануға берілді.  Кісі есігін сағалап, пәтер жалдап жүрген 256 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Қоныс тойын тойлағандардың көбі - көп балалы отбасылар. Сондай-ақ жетім балалар мен  әлеуметтік әлсіз топқа енетін отбасылар да жаңа пәтердің кілтін алды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының  несиелік тұрғын үйіне де сұраныс жоғары. Қазір қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде келісім-шарт жасасып жатыр.

Гүлден ТАБЫЛДИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Біз ата-анамызбен бірге тұрамыз. Бұйырса жолдасымның жұмыс орнынан  арнайы программамен баспаналы болайын деп жатырмыз.  Екі баламыз бар. Жаңа жылды жаңа үйде қарсы аламыз деген ойымызда бар.

Рафхат ЖОЛДИЕВ,  АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ - КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
 
Береке ықшам ауданыан 13 үй, Нұрсая ықшам ауданыан  8  үйдің құрылыстары бітіп,  1500ге жуық пәтерді тұрғындарға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл кісілердің бәрі банктен өткен. Қазіргі уақытта құжаттарын  рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Мемлекеттік бағдарламаның маусым айында іске қосылған  «Бақытты отбасы»   бағыты бойынша 80-ге жуық отбасы баспаналы болды.

Б. Надирқызы