Шымкентте улы газдан уланған бір адам көз жұмды. Тағы үш азамат аурухана төсегіне таңылды. Жоғары қысымды оксигенация орталығының жансақтау бөлімінде түскен Өзбекстан азаматтары. Газға жауаптылар қайғылы жағдай газ құрылғыларын дұрыс қонданбаудан болуы мүмкін деп топшылайды. Өйткені шағын үйдің 12 шаршы метрлік ас бөлмесін төрт азамат жалдап келген. Онда жылыту құралы жоқ. Тек су жылытқыш пен тамақ істеуге арналған қос камфорлы плита болған. Пәтер жалдағандар бөлмені сонымен жылытуы ықтимал. Газ саласының мамандары мән-жай анықталғанша бұл үйге көгілдір отын беруді уақытша тоқтатып кетті.
Бауыржан БАЙТӨРЕЕВ, «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ ШЫМКЕНТ ФИЛИАЛЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Қайғылы жағдай табиғи газды тұрмыста дұрыс қолданбаудан болып отыр. Үй қожайынының айтуынша, зардап шеккендердің бәрі пәтерді жалдап тұрған. Ол болған жағдайды таңертегісін ұйқыдан тұрғанда көріп, жедел жәрдем шақырғанын айтты.
Өкінішке орай, Шымкентте улы газдан улану жағдайы сиремей тұр. Жыл басынан бері тіркелген бұл осымен 8-ші қайғылы жағдай. Желтоқсанның алғашқы екі тәулігінде де улану белгілерімен 62 адам аталған ауруханаға көмекке жүгінген. Оның үшеуі тиісті емін алып жатыр. Мамандар, бүгін түскен үш өзбекстандықтың халі ауыр болғандықтан, әлі де жансақтау бөлімінде қалатынын хабарлады.
А. Төребекқызы