Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Жамбылдағы жемқорлық үш есеге азайған

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2017
  • 2317

Жамбылдағы жемқорлық соңғы 2 жылмен салыстырғанда үш есеге азайған. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев мәлімдеді. «Біз жемқорлыққа қарсымыз» атты облыстық форумда сөз алған партиялықтар еліміз Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте жемқорлықпен күресуде көшбасшы бола білгенін айтты. Сондай-ақ, Қазақстан бірінші болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдаған «ТМД елдерінің тұңғышы» екенін тілге тиек етті.  Ал жастар жағы болса, жемқорлық жиіркенішті құбылыс екенін айтып, оған деген қарсылықтарын түрлі тақтайшаларға жазылған ұран сөздер арқылы көрсетті.

Сонымен қатар Тараз мемлекеттік университеті мен аймақтың атақты оқытушы профессорлар құрамы қатысып, жастарға жемқорлыққа жоламауға шақырды. Өйткені жемқорлық білім беру саласы мен денсаулық сақтау ісінде көп кездеседі деді белсенділер. Дамыған 30 елдің қатарына кіруге кедергі келтіретінін айтып, жемқорлықсыз болашақ тек жастардың қолында екенін ескертті.

Мұратхан Шүкеев, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

25 дерек болған. Соған байланысты сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық жасаған азаматтардың  барлығы партия қатарынан шығарылды. Ол 2015-2016 жылдары болған. Осындай жұмыстарды атқарғанның арқасында бізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есеге азайған.