Қызылжарда жұмыртқаның бағасы шарықтады. Соңғы үш айдың ішінде өнім құны бірден 20 пайызға көтерілген. Қала халқы бұрын-соңды болмаған бағаға наразылық білдірді. Құс өнімінің қымбаттауына қандай факторлар әсер етті? Бұған кім жауап береді? Мәселенің анық-қанығын аймақтағы тілшіміз білді.
Сенбі сайын базарды аралайтын Наталья Гончарова бұл жолы жұмыртқаның бағасын көріп, таңдайын қақты. Қымбаттаған өнімді зейнеткердің қалтасы көтермейді. Сондықтан ол көктемге дейін бұл тауарды тұтынбауға бекінген.
Наталья ГОНЧАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біз шалым екеуіміз айына жұмыртқаның жиырма данасын жейміз. Тым қымбат болған соң, оны қазір ала алмаймын. Көктемде ауылдағы тауықтардың жұмыртқалағанын күтемін енді. Олар арзан бағамен өткізіледі. Басқа амал жоқ.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Ресми ақпаратқа сүйенсек, қыркүйек айында 210 теңгеден сатылған жұмыртқаның көтерме сауда бағасы бүгінде 260 теңгеге дейін шарықтап кетті. Ал сауда сөрелеріне жеткенше дейін, оның құны тіпті 300-310 теңгеден асып түскен. Өнім тым қымбаттап кеткендіктен, оған сұраныс сәл әлсіреп қалса керек. Базарда шоғырланған жұрт жұмыртқаның удай бағасын көріп, оған жоламай жатыр.
Кәсіпкерлік басқармасы түрлі меморандумдардың арқасында бағаны ұстап тұрғандарын айтады.
Мұрат НҰРҚАНОВ, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Төрт құс фабрикасы мен әкімдік арасында, қала әкімдігінің арасында меморандум жасасқан. Меморандум бойынша бірінші санаттағы жұмыртқаның бөлшек бағасы 200 теңгені құрайды. Ай сайын төрт құс фабрикасы бөлшек сауда нарығына 8 мың жәшік жұмыртқа жібереді.
Сандарды сөйлетсек, Солтүстік Қазақстандағы 5 ірі құс фабрикасы бар. Жыл сайын олар 664 миллион жұмыртқа өндіреді. Оның 12 миллионы шетелге саудаланса, қалғаны ішкі нарыққа бағытталады. Жұмыртқаның бағасын бекітетін теріскейлік құс фабрикалары тілшілермен сұхбаттасудан бас тартты. Ал ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, өнімнің қымбаттауына жем-шөптің құны ықпал етті.
Талғат НАУРЫЗБАЕВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жұмыртқа бағасының қымбаттауына мынау жем шөптің жоғарлауы әсер етті. Былтыр мысалы, 62 мың теңге болса, қазір жоғарылап кетті. Екіншіден, бізде маусымдық дейді. Бізде жыл сайын майдан сентябрь айына дейін жұмыртқаның бағасы көтерілмейді. Осы қыркүйектен келесі сәуірге дейін осылай көтеріледі.
Солтүстік Қазақстанның жұртшылығы бір жылда шамамен 82 миллион жұмыртқа тұтынады. Жергілікті билік фабрикалармен меморандум жасасып, оның басым бөлігін арзандатылған бағамен ұсынады. Ал негізгі бөлігі аймақтарға коммерциялық бағамен саудаланады. Демек, елдің өзге облыстары жұмыртқаны кемінде 260 теңгеден алуға мәжбүр.
А. Құрманкин