Атырауда «Менің Қазақстаным» ақпараттық үгіт-насихат пойызы шалғай ауылдарға жол тартты. Мақсаты - еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарын насихаттау. Сондай-ақ әрбір азаматқа медициналық, құқықтық көмек көрсету. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясы мұрындық болған шара Атырау вокзалында «Менің туым, менің Отаным» патриоттық акциясымен басталды.
Атырау вокзалы бүгін ерекше мерекелік көңіл-күйде. Патриоттық әуен ойнап, мемлекет дамуының ажырамас бөлігі саналатын рәміздердің маңызы туралы айтылды. Мемлекеттік туды қоғамдық-көпшілік орындарда насихаттауға арналған «Менің туым, менің Отаным» патриоттық акциясын теміржолшылар жалғап, эстафетаны қабыл алды.
Елеубай САПАРОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ ОБЛЫСТЫҚ МАГИСТРАЛДЫҚ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Мына тұрған арнайы пойыз, ішінде барлық дәрігерлер, спортсмендер, республикаға, облысқа белгілі мамандар қамтылған. Барлық аудандарда, разъез, станцияларда халықпен кездесіп, біздің акциямызда қазағымыздың туын насихаттау біз үшін үлкен мәртебе.
Ақпараттық, үгіт-насихат тобы 20 шақты маманнан құралған. Заңгерлер, дәрігерлер, споршылар, саясаттанушылар мен мұғалімдер шалғайдағы разъезд, станцияларда халықпен жеке кездеседі. Қажет жағдайда көмек те көрсетпек.
Жақсылық БЕРДІҚҰЛ, ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕР:
Алғашқы көмек көрсету үшін өзімізбен бірге алғашқы көмек көрсетін жәшікті және де жылжымалы ЭКГ аппараттарын және де УЗИ аппараттарын алып, кісілердің мұң-мұқтажын тыңдап, денсаулықтарын қарап, сол кісілерге ем беру үшін жолға шығып, аттанып жатырмыз. Өзімізбен бірге педиатр-дәрігер, кардиолог-дәрігер, ВОВ дәрігер және де эндикринолог дәрігерлер бар.
Арайлым НҰҒМАНОВА, «БОЛАШАҚ-АТЫРАУ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Ол жақтағы ерекше балалардың аналарымен кездесіп, өзімнің тәжірибеммен бөлісемін, қандай емдер қабылдау керек. Қандай әдістермен дамытылу керек бала және сынып қалмау керек ерекше балалардың аналары. Біз оларға мотивация беруіміз керек. Қазіргі таңда Атырау облысында, Атырау қаласында ерекше балалардың білім алуына мүмкіндік жасап жатырмыз ғой. Соны ауданда да жасауға мүмкін екендігін біз дәлелдеп айту үшін бара жатырмыз.
Бір апта бойы білікті мамандар 7 ауылды аралап, өз саласы бойынша халыққа тегін кеңес береді. Білікті мамандардың қабылдауы болатындығы ауыл халқына алдын-ала хабарланған.
Б. Надирқызы