Солтүстікте бұрынғы облыс әкімінің інісі күдікке ілікті. Ол мемлекеттік субсидияны жымқырды деп айыпталып отыр. Бұл жайында экономикалық тергеу департаментінің өкілдері хабарлады. Бескөл құс фабрикасының директоры Ерік Біләлов 2016-2018 жылдар аралығында өндірілген жұмыртқанын санын еселеп отырған көрінеді. Мамандардың айтуынша, әрбір жұмыртқа бағасын екі жарым теңгеге өсіріп, мемлекеттік демеуқаржыны молынан алуға тырысқан. Үш жылдың ішінде ел қазынасына 534 миллион теңгеге шығын келтіріпті. Құқық қорғау органдары күдіктіні өткен аптада ұстады. Бірақ араға екі күн салып, ол босатылған көрінеді. Қазір етргеу жүріп жатыр. Бескөл құс фабрикасы жыл сайын шамамен 110 миллион жұмыртқа өндіреді. Қазір бұл алпауыт кәсіпорынды Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі Серік Біләлов басқарып отыр.
Рақым МАҚАЖАНОВ, СҚО ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Экономикалық тергеу департаменті бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 190 бабы 4 бөлімі 2 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Биыл жүргізілген тексеріс жұмыстарына сәйкес Бескөл құс фабрикасының басшысы бірнеше қызметкерімен бірлесіп, өндірілген жұмыртқа санын екі есе ұлғайтып көрсеткені үшін күдікке ілікті. Бұл бапқа орай олар бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ, соттың басқа үкім шығаруы да ғажап емес.
А. Курманкин