Русский Сайттың толық нұсқасы

Террористік ұйым құрамында болғаны үшін іздеуде жүрген 31 шетелдік азамат тұтқындалды - С. Швейкин

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2019
  • 2327

Елде террористік қызметте болғаны үшін іздеуде жүрген 31 шетелдік азамат тұтқындалды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің антитеррорлық орталығы ұлттық штабының бірінші орынбасары Сергей Швейкин мәлімдеді.  Бүгінгі күнге дейін содырлар арасында 40 қазақстандықтың, олардың 65 әйелдері мен отбасылары бар екендігі анықталды. Толығырақ Асылбек Даниярдың репортажы.

Қазақстанда терроризм мен діни экстремизмді насихаттаған, олармен тығыз байланыста болған 140 азамат сотты болған. Ал, ғаламтор арқылы 15 мыңға жуық террорлық әрекеттерді таратқан сілтемелер анықталған. Антитеррорлық орталық штабының бірінші орынбасары Сергей Швейкин теріс ағымды насихаттайтын құқықбұзушылықтардың мұнымен шектелмейтінін жеткізді.

Сергей ШВЕЙКИН, ҰҚК АНТИТЕРРОРЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ҰЛТТЫҚ ШТАБЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Шетелде террорлық ұйымдардың қатарында Қазақстан азаматтары бар екені анықталды. Олардың жеке бастары туралы деректер арнайы қызмет өкілдеріне белгілі. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ұрыс алаңында қаза тапқандар туралы мәліметтер тексеріліп жатыр. Дегенмен отандастарымыздың бірі елге қайтудың жолын іздестіріп жүр және өз жазасын өтеуге дайын. Кейбіреулері болса заңсыз әрекетін әрі қарай да жалғастырғысы келеді.

Жиын барысында, "Жусан" операциясының жайы да сөз болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары бұл операция жалғасатынын айтты. Бірақ атауы "Жусан-3" деп аталмайды дейді.

Сергей ШВЕЙКИН, ҰҚК АНТИТЕРРОРЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ҰЛТТЫҚ ШТАБЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұған дейін "Жусанның" төрт кезеңі атқарылды. Қазақстан азаматтарын елге қайтару шаралары жалғасуда.

Сондай-ақ қарашада Ирактан жеткізілген 14 баланың 10-ы бүгін туған-туыстарымен қауышты. Қалған 4 бала  ағайынды. Олардың туыстары табылған. Бірақ олар балаларды алуға асығар емес. Сондықтан бұл ағайынды балалар Нұр-Сұлтан қаласында қалатын болды.

Айта кетейік, "Жусан" операциясы аясында Смриядан 595 Қазақстандық елге қайтарылған болатын. Оның 406сы балалар. Қиын жағдайға тап болғандар, балаларды қолдау орталығында медициналық тексеруден өтіп, психологиялық көмек көрсетілген.

А. Данияр