Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық зағиптардың көмекшілері екі жыл жалақы алмаған

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2019
  • 1961

Оралдық зағип жандардың жеке көмекшілері екі жылдан бері жалақысын ала алмай жүр. Айтуларынша, қалалық жұмыспен қамту бөлімінен берілген айлықты «Орал» корпоративті қоры уақытылы төлемей отыр. Амалы таусылған мүгедектер енді кімнен көмек сұрарын білмей жүр.

Жеке көмекшіге төленер жалақы ерлі-зайыпты Есен мен Гүлдәурен үшін біраз көмек еді. Бірақ соңғы кезде сол ақшадан да қағылды. Бір-бірін жетелеген қос мұңлық талай құзырлы органның табалдырығын тоздырыпты. Бірақ ешбірінен қайран болмаған.

Гүлдәурен БЕРЕКЕШОВА, ЖЕКЕ КӨМЕКШІ:

Алатынымыз сол бір 50 мыңның ар жақ-бер жағы. Кредитіміз тұр. Семьяда балаларымыз бар. Корпоратив «Оралға» барса, собезден сұраңдар дейді. Собез сонда сілтейді. Собезге келіп сұрап тұрмыз. Екі ортада мүгедектермен біз қазан айынан бері қаңғып жүрміз. Қазан айынан бері акимат, сотқа бардық, мына собезге жүз келдік.

Қазір Оралда жеке көмекші қызметін 355 мүгедек пайдаланады. Көмекшілер - негізінен солардың жақын туыстары немесе жұбайы. Әйтпесе көзі көрмейтін адамның қасынан шықпай, күндіз-түні көмектесу мүмкін емес. Мемлекет сол қызметтің әр сағатын 360 теңгеге бағалап, 3-4 сағатына ғана ақы төлейді екен. Бірақ соның өзіне қол жеткізе алмай жүр.

Зәуреш ШАТИКОВА, ЖЕКЕ КӨМЕКШІ:

Жалақыны алған жоқпын 2017-де екі-үш ай бойы, сосын мына 2019-да. Қазан айында алған жоқпын. Енді қараша айында біз табельді тапсырдық. Бірақ ақша төлеп жатқан жоқ.


Нұрсұлу КӘРІМОВА, ЖЕКЕ КӨМЕКШІ:

Қадырбеков Мұрат Жақсығалиевичпен алдағы уақытта жұмыс істегіміз келмейді. Себебі біз жалақымызды уақытынды ала алмаймыз. Бізге семья болғасын ақша керек. Әркімнің әртүрлі жағдайы бар. Сондықтан кеше мен Жақсығалиевичтен барып ақшамды сұрап едім. Ол кісі маған қатты сөздер айтты: «Зыт! Тапаевың алжыған шал!», - деп ауыр сөздер айтты.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының дерегінше, мүгедектерге көрсетілер қызметті  «Орал» корпоративті қоры ұтып алған. Аталған мекемеден жауап алу мүмкін болмады. Жергілікті әкімдік болса қормен қараша-желтоқсан айларына 18 миллион теңгеге қызмет көрсетуге келісілгенін жеткізді. Бірақ жеке көмекшінің сағатын екі есеге өсіріп, енді 4 миллион теңгені қосымша сұрап отыр деді. Ал тапсырыс беруші мұнымен келіспеген.

Ерлан ГАЛЕЕВ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Олар өздерінің міндеттемесін орындамай, мысалы, мен мына суммаға қызмет көрсетемін деп конкурсты ұтып алып, енді келіп қосымша ақша қосуды талап етіп отыр. Ол олай болмайды! Төмен бағаны қойды ғой ұту үшін. Енді ұтқаннан кейін келіп, қайтадан мен мына суммаға жасамаймын. маған мына сумманы қосыңыз деу дұрыс болмайды.

Келер жылдан бастап, мүгедектерге қызмет көрсету жүйесі өзгертіледі. Яғни, әлеуметтік портал ашылып, зағиптар көңілі қалаған қызмет көрсетушіні өзі таңдайды. Ал жұмыспен қамту бөлімі мен корпоративті қор бір мәмілеге келмейінше, жеке көмекшілер жалақысыз қалады.

Е. Карин