Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау-Астрахань тас жолының алғашқы 60 шақырымы келесі жылы аяқталады

  • AstanaTV
  • 13 желтоқсан 2019
  • 5092

Жол азабын жүрген білер»! Атырау облысында 30 жыл жөндеу көрмеген "Атырау-Астрахань"  тас жолы құрылысының алғашқы  60 шақырымы алдағы жылы аяқталады. Қазір қыс мезгілі болғанына қарамастан, қолайлы ауа-райын пайдаланған жұмысшылар көктемгі жұмыстарға дайындық жүргізіп жатыр. Халықты шаршатқан халықаралық жолдың қалған 217 шақырымын салатын мердігер мекеме де анықталып қойды. 

"Атырау-Астрахань" тас жолын халық «азап жолы» деп атап кеткен. Өйткені бұл жол 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Халықаралық маңызға ие жолдың жайы жылдар бойы жыр болғанымен, қаржы бөлінбей келді. Тек 2018 жылы мұнайлы өңірге жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәселенің шешуге тапсырма берді. Республикалық бюджеттен 26 миллиард теңге бөлініп, алғашқы 60 шақырымының құрылысы бірден басталған болатын.

Ойдым-ойдым шұңғырлы жолдар тек атыраулықтар емес, халықаралық жолдан жиі өтетін көрші елдердің жүргізушілерін де мезі еткен. Енді олар  жолдың жанданып жатқанын көріп, қуаныштарын жасыра алмады.  

Ақан МАХАМБЕТОВ,  ЖҮРГІЗУШІ:

 
Машинаң бұзылмайды. Өзің шаршамайсың. Қазір барып келгенде Астарахань трассасынан бері қарай уже 6-7-8 сағаттай уақыт өтеді жолдың жамандығына байланысты. Жолда бұзылатының бар. Қуанып жатырмыз. Әр жағынан бері жасап келе жатырмыз. Енді мына жағын жасаса жақсы ғой. Жасалады деп жатыр. 


Қайыпқали ШӘКЕСОВ, ЖҮРГІЗУШІ:


Қуаныш бар халықта.  Біздің Атырау-Ганюшкин тас жолының бойындағы жағдайды бұрын білесіздер ғой енді. Ганюшкиннен бастап салынып жатыр деген хабарды естиміз де өзіміз жүріп көрген жоқпыз. Техникалардың бұзылмасына , барып-келетін жеріңе жылдам барып келуге де ыңғайлы болар еді.

Қыс келсе де жолдағы құрылыс тоқтаған жоқ. Жол төсемесі - асфальт жабыны төселіп, 3 су құбыры тас жолдың астынан өткізілді. Әзірге Атырауда температура нөлден жоғары. Сондықтан құрылысшылар қолайлы ауа райын пайдаланып қалуда.

Жаңабай БАШАРОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ» АҚ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Алдағы уақытта ауа райы қолайлы болса, көпірлерде жұмыстар тоқталмай жүргізіледі. Қазір + температруасын көрсетіп тұр, жұмыстар  жүргізілуде. Ол әрине құрылыс нормалары ережелеріне сәйкес сондықтан  сол жерде тоқтатылмайды Ал қысқы уақытта жол құрылыс матераилдарын  дайындау керек.


Айта кетейік, халықаралық маңыздағы күрежолдың жалпы ұзындығы  - 277 шақырым. Қалған 217 шақырым жол құрылысына тендер өткізіліп, жеңімпаз компания да белгілі болды. Мамандар, азапқа айналған жолдың жаңару жұмысы 2022 жылы толық аяқталады,- деп отыр.

Б. Надирқызы