Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, құрмет демалысына шығуына орай, қызметінен босатылды. Ол бұл қызметті үш жылға жуық атқарған еді. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Сондай-ақ, Президент Әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев та қызметтен кетті. Оның орнына Президент көмекшісі болған Мәулен Әшімбаев келді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, енді мемлекет басшысының көмекшісі. Министрліктің баспасөз қызметі экс-министрдің мойын омыртқасына ота жасатқанын, сондықтан оған дәрігерлер көлікпен және әуе ұшақтарымен жасалатын сапарларды азайтуға кеңес бергенін жеткізді. Бозымбаев Президентке денсаулығының жай-күйін баян еткенін хабарлады. Ал мәлімдемелері қоғамда дау тудырып келген - Мәдина Әбілқасымова , Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары орынтағын босатты. Енді ол - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы. Ауыс-түйіс елдің Қарулы Күштерін де айналып өтпеді. Мемлекет басшысының Өкімімен Дулат Адырбеков «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметінен босатылды.
Ә. Өмірзақ