Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 9 жастағы қызды зорлады деген күдікті ұсталды

  • AstanaTV
  • 18 желтоқсан 2019
  • 8271

Ақтөбеде 9 жастағы қызға зорлық көрсетті деген күдікпен қала тұрғыны ұсталды. 21 жастағы жігіт әзірге уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ, тергеу құжаттарын әлеуметтік желіде таратқан полиция қызметкерінің кім екенін белгілі болды. Бақыт Рахметова толықтырады.

Бұл оқиға 12 желтоқсан күні болған. Оқушыны бейтаныс адам мектептен шыға аңдыған. Үйінде жалғыз екеніне де көз жеткізген соң, алдап пәтеріне кіріп алған. Қорланған қызды түскі асқа үйіне келген әкесі тауып алыпты. Қазір жәберленуші ауруханада ем алуда. Айуандықты жасаған деген күдікті бүгін ұсталған.

Бауыржан МЕНДЕБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша күдікті адам ұсталды. Қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның аты жөнін тергеу құпиялығына байланысты мен айта алмаймын.

Сол күні-ақ әлеуметтік желіде осы оқиға туралы полицияның құжаты жарияланып кетті. Онда қорланған қыздың әкесінің берген жауабы, басқа да жеке ақпараттар бар. Құпия құжатты таратушы полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ сол күні желіде «қызды зорлаушы» деп тағы бір тұрғынның суреті тарады. Вахтадан келген оны полицейлер сол күні ұстап алған. Бірақ тоғыз сағат тергеп, артынан босатыпты. 

Нұрлан ШАНДИН, ТҰРҒЫН:

Ішке апарып бір сағаттай мойында деп қинады. Қазір мен шынымды айтсам өз өмірімнен өзім қорқамын. Неге мені кінәлі емес деп мәлімдеме бермейді құзырлы орындар. Халықтың бетіне қарай алмай жүрмін.

Қазір Нұрлан Шандин өзінің атына жағылған күйені тазартуды сұрап облыстық прокуратураға, полицияға арызданған.

Айта кетейік, бұл оқиғаны Ішкі істер Министрлігі арнайы бақылауға алды. Қылмысты ашумен криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары басшылық еткен арнайы жедел-тергеу тобы айналысуда. Күдіктінің үстінен екі бірдей бап бойынша іс қозғалып отыр.

Б. Рахметова