Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда 64 жастағы әйел лифтінің шахтасына құлап мерт болды

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2019
  • 2876

Павлодарда 64 жастағы әйел лифтінің шахтасына құлап мерт болды. Құтқарушылар жеткенше, зардап шегуші оқиға орнында көз жұмған. Дәрігерлер биологиялық өлім болғанын айтады. Егде жастағы адамның құлап кетуіне кім кінәлі? Тілшіміз анықтап көруге тырысты.

Оқиға Бектұров көшесінде орналасқан 9 қабатты үйлердің бірінде болған. Куәгерлердің айтуынша, марқұм лифте қамалып қалыпты. Тұрғындар көмектеспек болған. Алайда,  құтқарушылар келгенше, 64 жастағы зейнеткер  жедел сатының астына құлап кеткен.

Қарлығаш ТАТЕНОВА, ПИК ӨКІЛІ:

Ол кісі өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтты. Мен лифтінің алдында тұрған жігіттерге ешкім есік ашпасын - деп айттым да, құтқарушыларды шақыруға астына түсіп кеттім. Бір 10 минут өтті ме, өтпеді ме білмеймін, әлгі жігіттердің бірі  әйел адамның лифт шахтасына құлап кеткенін жеткізді.

Оқиға куәгерлері бірден жедел жәрдем шақырған. Алайда, құтқарушылар лифт шахтасын ашқанша, марқұм жан тапсырыпты.

Мақпал ҚАРЖАУБАЙ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


Сағат 15-39-да  жедел жәрдем қызметкерлері келіп жетті. Дәрігер мамандардың келуімен 1955 жылы туған әйел адамның биологиялық өлім фактісі тіркелді. Алынған жарақаттар өмірімен сәйкес келмейді.

Ал тұрғын үй инспекциясының мамандары зейнеткердің құлап кетуіне қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болған деп отыр. Өйткені,  әйел адам лифт тоқтап қалғанда, құтқарушыларды күтпей өздігінен әрекет еткен - дейді.

Нұрсұлтан ӘУБӘКІРОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Лифт көп қабатты үйдің 6 қабаты мен 5 қабаттың ортасына келіп тоқтап қалған. Сол кезде оған бір ер азамат көмектеспек болыпты. Ол лифттің есігін ашпақ болғанда, әйел  астына құлап кеткен.

Бұл үйдегі жедел саты 2012 жылы қолданысқа берілген. Бұған дейін тұрғындар тарапынан шағым да болмапты. Қазіргі уақытта құрылғыға тексеру жүргізіліп жатқандықтан, лифт уақытша тоқтап тұр.

Алма МҰСАБЕКОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:
 
Осы факті бойынша қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 306 бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысында болған оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Марқұм  бұл үйге жақында ғана көшіп келіпті.  Көршілері оның жүріп тұруы қиын екендігін айтады. Ал Павлодар қаласында  лифтілердің 74 пайызы ескіріп кеткен. Арасында қолданысын мерзімі әлдеқашан өтіп жедел сатылар да бар.

Ө. Қуанар