Мәскеудегі арнайы қызметтің ғимаратына шабуыл жасаған лаңкестің қастандыққа бір жыл дайындалғаны белгілі болды. Мұздай қаруланған бейтаныс Лубянкадағы ФСБ ғимаратына басып кіріп, ойран салған. Арнайы қызметті әбден әбігерге салған бұзақыны тәртіп сақшылары атып өлтірді. Ресей билігі бұл қастандықты «лаңкестік шабуыл» деп бағалады. Бүгінде қандықол қылмыскердің кім екендігі де белгілі болды.
Рюкзак асынған қаскөй тексеруден оңай өте алмасын түсінсе керек, бірден ФСБ-ның орталық ғимаратына жүгіріп барып, оқ жаудырады. Мылтығын жолай өтіп бара жатқан жүргіншілерге де кезеп, оларға да оқ атқан. Аяқ астынан болған шабуыл кезінде ФСБ-ның бір қызметкері қаза тапты. Осы аласапыранда тағы бірнеше қызметкер ауыр жараланды. Ал оқиға куәгерлері шабуыл жасаған қылмыскердің құрбандықтарын көздеп атқанын айтады.
Константин, ОҚИҒА КУӘГЕРІ:
Алдымен әлдебір тарсылды естідік. Кейін шлагбаумның қасында бір полицейдің құлап жатқанын көрдік. Кімнің шабуыл жасағанын байқамадым. Атқан кісіні анық көрдім. Ол автоматын тез оқтап, айналасына оқ жаудырумен болды. Нысанасын көздеп, дәлдеп атуға, тигізуге тырысты.
Алексей МОЛЧАНОВ, ОҚИҒА КУӘГЕРІ:
Атыс болып жатқан жерге жақын баруға қорықтым, жан тәтті. Кейін үйдің бұрышына барып, бой тасаладым. Атысты көзіммен көрдім. Сол жерге жедел жәрдем де тез келе қалды.
Арнайы қызмет бұл қанды оқиғаны лаңкестік шабуыл деп мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бес адамға оқ тиіпті. Олардың ішінде алыс аймақтан Мәскеуге іс сапармен келген жедел уәкіл де бар екен.
Жақында Ұлттық антитеррористік комитеттің жиынында ФСБ директоры Александр Бортников биыл Ресейде терактіге мүлдем жол берілмегенін баяндаған. Дәл сол күні Лубянкада атыс болды. Ал сол жерден бірнеше көше әріде мемлекеттік қауіпсіздік органдары қызметкерлері кәсіби мерекесін тойлап, концерт тамашалап отырған. Жиында сөз алған Владимир Путин арнайы қызмет жыл басынан бері 33 терактінің жолын кескенін мәлімдеді.
Владимир ПУТИН, РФ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әсіресе антитеррорға қарсы жұмысты күшейту керек. Өйткені терроризм өте қатерлі жау. Сондықтан Ұлттық антитеррористік комитеттің үйлестіруімен күрес жүйелі түрде қатаң жүргізілуі керек. Лаңкестіктің алдын-алу жұмыстарына мен бұған дейін де назар аударғам.
Бірақ бұл жұмыс нәтижелі болмай шықты. Бұған елді дүрліктірген Манюров Евгений Фатиховийдің осы қастандыққа бір жыл бойы әзірленгені дәлел. Калашников автоматымен қаруланған қаскөйдің жолдорбасын саперлер тексеріп шықты. Бүгінде лаңкестің бизнеспен айналысып, мылтық атуды шебер меңгергені, тіпті жарысқа да қатысқаны анықталды. Бірақ оның қолға қару алып, қауіпсіздік қызметіне неліктен қарсы шыққанын енді тергеу амалдары анықтайды. Қазір осы оқиға бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалыпты.
Е. Карин