Қазақстанда жыл басынан бері мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі анықталған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев соңғы бір жылда әлеуметтік желі арқылы айласын асырмақ болған 388 адам құрықталғанын айтты. Интернет-алаяқтық деген не? Түрлері қандай? Олардан қалай сақтанамыз? Көпті алаңдатқан осындай сауалдарға әріптесім Ғалымжан Өтемісов жауап іздеп көрді.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Ғаламтор. Әлеуметтік желі. Алаяқтардың оңай олжаға кенелер ортасына айналғандай. Бөтеннің мүлкін жымқыру тым қолжетімді болып кетті,-дейді министрлік мамандары. Айтуынша, тіпті соңғы жылдары трансшекаралық сипатқа ие болып отыр.
Елордалық Толқын да желі алаяғының құрбаны. Екінші курс студентіне әлдебір жомарт жан инстаграм арқылы онлайн тест ұсынған. Жеңісіне шүбәсіз сенген бойжеткен алаяқтарға банк картасы жайлы түгел ақпаратты жайып-салыпты.
ТОЛҚЫН:
Сұрақтарға жауап беріп едім. 25 мың теңге ұтыс ұттыңыз деген хабарлама келді. Кейін қуанып кетіп, қалай аламын деп едім, иин мен карточка нөмерін сұрады. Мен жібердім. Екі-үш сағаттан соң карточкамдағы ақша жоғалып кетті.
Бір жылда мыңға тарта қылмыс ашылған. Бұл тек ресми ақпарат. Тіркелмегені қаншама. Министрліктің дерегінше қылмыстың басым бөлігі интернеттегі сауда-саттық кезінде кездеседі. Заң бұзушылықтың бұл түрі мүлік немесе тауар туралы жарнама жариялау арқылы жасалатынын жеткізді.
Рүстем ДҮЙСЕТАЕВ, ҚР ІІМ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ОРТАЛЫҒЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Интернеттегі сауда-саттық барысында тараптардың бір-бірімен кездеспейтіні белгілі. Сол себепті, қылмыскер бір өңірде отырып алып, екінші өңірде қылмысын жасай алады. Алаяқтар мұндай жағдайда клиенттерді арзан бағамен арбап алдайды. Алдын-ала жарна немесе толық ақшаны банк картасына жіберуді сұрайды.
Қулығына су жұқпайтындар қатарында шетелдік хакерлер де бар. Рүстем Дүйсетаев соңғы бір жылда шетелдік алаяқтардан 100-ге жуық адам зардап шеккенін айтты. Қылмыскерлердің басым бөлігі көршілес Ресейге тиесілі.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Иә, қалтаны қаққан желі алаяқтары қаптап кетті. Ішкі істер министрлігі олармен күрес күйшейе түскенін айтты. Дегенмен, өзіңді сақ ұста, көршіңді ұры тұтпа қағидасын сақтағанымыз жөн.
Ғ. Өтемісов