Русский Сайттың толық нұсқасы

67 миллион теңгеге жасалған күрделі жөндеуден кейін көпқабатты үй жылусыз қалды

  • AstanaTV
  • 23 желтоқсан 2019
  • 3625

Қызылордада 67 миллион теңгеге жасалған күрделі жөндеуден кейін көпқабатты үйдің жоғары қабаттары жылусыз қалды. Ал жертөлелері нәжіс суларына толған. Тұрғындар жаңғыртуға ақша төлеуге наразы. Ал күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер компаниясының басшысы болса, мәселенің мән-жайын түсіндіруден бас тартты.

Үш баланың анасы Үмітай күрделі жөндеуге дейін қайнап тұратын пәтер бүгінде мұханаға айналғанын айтады. Содан бері төрт айлық кенжесі мен төрт жасар ұлы суықтан жиі ауратын болған.   

Үміт-ай ЖҮСІПОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ремонт дұрыс емес. Қайта бұрынғы жаман подъезд, жаман күйіміз дұрыс еді. Бір стоякта жылу вообще жоқ.  Біз модернизацияға ақша төлейміз. Біз официально қабылдаған жоқпыз. Тастап, тастап кетті. Бірақ қол қойсаң да, қоймасаң да айына төлейтін соманы төлейсіңдер деді. 

Жаңғырту бойынша күрделі жөндеу жарты ғасыр бұрын салынған үйде өткен жылдың жазында басталған. Талап бойынша шатыр, жертөле, подъездің іші, кіреберіс, сыртқы есіктер, терезелер мен балкондар жаңартылуы тиіс. Оған қоса әр подъезд алдында демалатын орындық пен қалдық салатын жәшік  қойылу керек-ті. Бірақ жұмыс жоспарланғандай емес. Жаңартылған үй жертөлесінің сиқы мынау. Қақаған қыста нәжіс суына лық толған.

Зейнеш ӨТЕҒАЛИЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізді олар просто алдап кетті, мойнымызға іліп кетті. Салғандары астындағы трубанын бәрі китайский, бәрі боқ сасып жатырмыз, невозможно. Бір жылда болған жоқ модернизацияға, уже біз сасып жатырмыз. Асты деген іріп-шіріп жатыр. Қайта бұрынғымыз жақсы еді модернизация жоқ кезде.  


Назымкүл САРҚҰЛОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Арғы жақтарына ремонт вообще жүрмеген. Подъездері алқам-салқам. Подъездердің алдынан крышалар салынған, олардын бәрі су кетіп, подъездің ішіне кіріп жатыр ол сулардың бәрі.


Тұрғындардын айтуынша, 70 пәтерлік бес қабатты үйдің жанғыртуына 67 миллион теңге жұмсалған. Мұндай сапасыз жөндеуден кейін жұрт ай сайын 7 мың теңге төлеуге қарсы.

Мира АСАНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


67 миллион бөлінген соң үймізді алтындай жарқыратып қояр деп ойлағанбыз. Қайдағы! Жертөле толып тұр, жаңа ғана жігіттер түсіп көрді. Есік болса анау, сынып тұр. Бәрін жөндеп береміз деді де, жоқ болып кетті. Қаражат қайда кетті сонда?  Мен 15 жыл 7 мыңнан төлеуім керек. Мен ешқандай құжатқа қол қойған емеспін. 

Тұрғындар енді кемшіліктерді кім жөндейтьінін білмей дал. Ал жауапты мердігер компанияның басшылығы мәселенің мән-жайын түсіндіруден бас тартты. Қала әкімдігінің өкілдері болса, мердігерге шан жуытар емес. 

Біржан ДАЛАБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сол ауданда аула ішілік ағымды кәріз су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты ақау орын алған. Яғни, бұл жерде кәріз жүйесі кейін қарай бұрып, подвалға су құйылған. Жылу бірқалыпты келіп тұрғандығы белгілі болды. Тек бұл жерде орын алуы мүмкін пәтер ішілік жылу жүйелерінде. 

Яғни, арнайы мамандардан құрылған комиссия қабылдап алған бұл үй-мінсіз болған. Ал шарасыз тұрғындар кімге шағымданарын білмей дал. 

Ш.Сақтапова