Русский Сайттың толық нұсқасы

Елдегі 700 мыңға жуық мүгедектің 100 мыңнан астамы ғана жұмыспен қамтылған, - Б. НҰРЫМБЕТОВ

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2019
  • 1929

Елдегі 700 мыңға жуық мүгедектің 100 мыңнан астамы ғана жұмыспен қамтылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін Үкімет қабырғасында осындай мәлімдеме келтірді. Ведомство басшысы ерекше жандарға келесі жылдан бастап көрсетілетін арнайы көмек пен жұмысқа орналастырудың жаңа тәртіптері болатынын айтты.

Қостанайдағы «Үміт-Надежда» қоғамдық  бірлестігінде 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Мекеме басшысы Дүйсенғали Оспановтің өзі де 1-топтағы мүгедек. Ол мұндағы азаматтардың 15 пайызы ғана жұмыспен қамтылғанын айтады. Оның өзі уақытша әлеуметтік жұмысқа тартылғандар. Ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік қызметке орналасу олар үшін тіпті арман. 

Дүйсенғали ОСПАНОВ, «ҮМІТ-НАДЕЖДА» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мүмкіндігі шектеулі жандар білімдері бар. Дипломдары бар. Бірақ олар оған дейін жұмыс істеген жоқ.Сол кісілер қазір бүгінгі таңда мемлекеттік жұмысқа тұру үшін белгілі бір тәжірибе болуы керек.Сол жетіспейді.Ол кісілерді жұмысқа орналастырмайды. Осы жағы да заң жағынан қаралмаған мәселе.

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматарды жұмысқа тарту мәселесі өзекті. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі де мойындап отыр. Оның есебінше, елде 690 мың мүгедек бар болса, соның 424 мыңы бүгінде жұмыс істеуге қабілетті жаста. Алайда, оның 106 мыңы ғана екі қолға бір күрек тапқан. Ведомство басшысы ерекше жандарды жұмысқа алу туралы тиісті тапсырманы жергілікті атқарушы органдардың өзі толық орындамай жатқандығын жеткізді. Олар квотаның бар-жоғы 60 пайызын қамтып отыр. 

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Сондықтан, біз мысалы, әлемдік тәжірибені зерттей келе осы жерде ұсыныс жасадық. Егер де, жаңағы мекеме квотада белгіленген квотаны жаңа мүгедекті жұмысқа алуды орындамаса, оларды мемлекеттік сатып алуға жолатпайды. Я болмаса квотаны орындап жатқан мекеме болса, онда оны мемлекеттік сатып алуда жеңілдік береді.

Бұдан бөлек, ерекше жандарды қажетті оңалту құралдарымен қамту деңгейі ақсап тұр. Мүгедектер арбасы, ортопедиялық өнімдер мен міндетті гигиеналық құралдары  мемлекеттік сатып алу бойынша іске асады. Алайда, мұқтаж жандардың қажеттілігін жеткізу 7-8 айға дейін созылып кететін көрінеді.

Жұмажан ҚОЖЖАНҰЛЫ, БҚО МҮГЕДЕКТЕРІ ЕРІКТІ ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әлеуметтік жобалар қазіргі «Мемлекеттік сатып алу» заңына сәйкес, олар көп жағдайда үлкен жобаларға қатыса алмайды. Қатысса да, олардың жеңімпаз атануы, өз мақсаттарына жетулері қиын. Мемлекеттік сатып алуда мүгедектерге бөлек жеңілдік, я болмаса олар осыны ұтып алсын деген бөлімі жоқ. Олар жалпымен бірдей.

Ведомство басшысы мұндай мәселелер де келер жылы оң шешімін табады деп сендірді.

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Оңалту құралдары мен қызметтерін мүгедек жандарымыздың алуы жөнінде үлкен реформаны іске асырып жатырмыз. Оған заң жобасын қабылдадық. Келесі жылдан бастап, бізде әлеуметтік қызметтер порталы енгізіледі. Ол жерге жаңағы қызмет беруші  тауар беруші нені алып берді соны береміз. Ал енді әлеуметтік портал арқылы біздің мүгедек жандарымыз, мүгедектігі бар азаматтар өздері қалауы бойынша таңдайды.


Келер жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жанды мемқызметке басшылық лауазымға тағайындауға болады. Біржан Нұрымбетовтің айтуынша,мұндай тәжірибені әлем елдері қолданады. Сондықтан, оларды мамандығы мен қабілетіне қарай басшылық қызметтерге де тарта бастаймыз деді. 

А. Мүтәлі