Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттік жастар кадрлық резервінің жеңімпаздары алдағы 5 жылда жұмыспен толық қамтылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 25 желтоқсан 2019
  • 2760

Президенттік жастар кадрлық резервінің жеңімпаздары алдағы 5 жылда жұмыспен толық қамтылуы мүмкін. Бұл туралы Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімдеді. Кадрлық резервке 13 мың үміткер арасынан 300-ге жуық адам таңдап алынды. Олар болашақта жауапты қызметке тағайындалады.  Мәулен Әшімбаев жоба ұзақ мерзімге жоспарланғанын айтты. Іріктеуден сүрінгендер де назардан тыс қалмайды деп отыр. Ал, әзірге келесі іріктеудің қашан өтетіні белгісіз.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы алғанда бәрі бір сәтте тағайындалмайтынын ескеру керек. Жуырда Президенттік жастар кадр резервіне қатысушылар мемлекеттік органдар мен Ұлттық компанияларда әртүрлі позицияда жұмыс істейтін болады. Олардың кейбірі мансабын жеке секторда жалғастырғысы келуі мүмкін. Бұл - олардың құқығы, ол жаққа да жақсы дайындықтан өткен мамандар керек.


Жастар кадрлық резервіне іріктеу кезінде ешкім-ешкімге әсер еткен жоқ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова тесттің ашықтығына тоқталды. Айтуынша 6 кезеңге созылған іріктеуде қатысушыларға арнайы код берілген. Сондықтан сарапшылар қатысушылар жайлы ақпараттан бейхабар болғанын жеткізді.

Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз қойған талаптар қарапайым болды. Ең бастысы 35 жасқа дейінгі жоғары білімі бар Қазақстан азаматы болуы керек. Сондай-ақ, кем дегенде 5 жыл жұмыс өтілі болғандар ғана қатысты. Ал әділдікке келер болсақ, сарапшылардың өздері де кімге баға қойып отырғанын білген жоқ, себебі қатысушыдардың аты-жөндері кодпен тұрды. Бір жобаны қараған үш сарапшы да бірін-бірі танымайды.

Ғ. Өтемісов