Русский Сайттың толық нұсқасы

Медсақтандыру: қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

  • AstanaTV
  • 06 қаңтар 2020
  • 1810

Биылдан бастап қазақстандықтар мемлекеттік-әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша кейбір қызметтерді тегін ала алады. Стоматологиялық қызметті жүктілер, зейнеткерлер мен балалар алады. Жаңа жүйемен бірге қандай өзгерістер енгізілді? Айя Мүтәлі тарқатады.

Жаңа жылдан бастап адамдар ем қабылдау үшін қаражатты медсақтандыру қоры арқылы ала бастады. Арасында жаңа жүйеден мүлдем хабарсыздары болғанымен, оның тиімділігін көріп үлгергендер де жоқ емес. Екінші баласына аяғы ауыр Аягөз Ғалым жеңілдіктер көрсетіліп жатқанын айтты. 

Аягөз ҒАЛЫМ, ЕМДЕЛУШІ:

Бұған дейін сол тіс емдеу ақылы болған. Қазір тіс емдету ақылы емес. Тегін жүріп жатыр. Сол жағынан жақсы. Қазір тіс емдету қиын ғой. Еще қымбат. Клиникаларда.

Енді мұндай стоматологиялық қызметтер тек жүкті әйелдерге ғана емес, зейнеткер және кішкентай балаларға да көрсетіледі. Бұдан бөлек, медициналық сақтандырылған болсаңыз оңалту, диагностика жасау, профилактика, компьютерлік томография сияқты қосымша медициналық қызметті де тегін пайдалана аласыз. Жылдар бойы балаға зар болған отбасылар үшін де жасанды ұрықтандыру қызметі қосылған. Тағы бір өзгеріс, медициналық сақтандырылған кісі кез келген, тіпті жеке емханаларда да қарала алады.
 
Олжас ӘБІШЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Көптеген азаматтар «Егер мен сақтандырылмаған болсам, қажет жағдайда маған медициналық көмек көрсетілмей ме? «деп сұрақ қойып жатыр. Олай емес. Себебі бізде екі пакет бар. Бірі бұрыннан көрсетілетін тегін ем түрлері болса, екіншісі кеңейтілген медициналық қызмет түрлері. Біз медсақтандыру арқылы медицинаға бөлінетін қаржының есебін де арттырдық. Бұрындары жыл сайын бюджеттен 1 триллионға жуық бөлінсе, қазір 1,6 триллионға дейін артып отыр.

Сонымен, биылдан бастап жұмыс беруші ай сайын жалақының 2%-ын мед сақтандыруға аударуға тиіс. Жеке кәсіпкерлер мен салымшылар еңбекақының 5 пайызын төлейді. Мұндағы жарна 6 мың теңгеден аспайды. Ал, тұрақты жұмысы жоқ және жеңілдік санатына кірмейтіндер ең төменгі жалақының 5%-ын аударуға міндетті. Ал балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыс істемейтін оралмандар мен жүкті әйелдер тегін медициналық көмек алуға құқылы.  

Айбатыр ЖҰМАҒҰЛОВ, «ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: 

Бізде ауылды жерде қандайда бір жағдайлармен өзінің әлеуметтік статусын белгілемей, сақтандырылмай қалған азаматтар болуы мүмкін. Осы жылы әрбір медициналық ұйымдарда терминалдар тұруы керек. Келген бойда медициналық сақтандырылмағанын білген жағдайда ол пациент, ол азамат өзіне тиесілі қаражатты төлеуге міндетті. Сондықтан соны төлесе ғана жеткілікті. Болмаған жағдайда қандай да бір айыппұл салынбайды. 

Қазақстандықтар медициналық сақтандырылғанын және қордағы қаржының көлемін egov.kz порталы арқылы анықтай алады. Ал егер, қосымша сұрақтар мен шағымдар болса, 1406 нөмірлі Call орталығына хабарласуға болады. Жоба жетекшілері, егер белгілі бір медициналық ұйымға қатысты шағымдар көбейсе, мекемемен жұмыс тоқтатылуы мүмкін деп отыр.

А. Мүтәлі