Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысында құланды атқан қаскөйлер іздестіріліп жатыр

  • AstanaTV
  • 08 қаңтар 2020
  • 2563

Қостанайлық полицейлер құланға құрық салған қылмыскерлерді әшкерлеу үшін арнайы топ құрды. Браконьерлер жабайы жануарды атып өлтіріп, із жасырған. Оқиға орнында түз тағысының басы мен мойнына тағылған GPS құрылғы табылды. Қаскөйлер ұсталса қандай жаза кесіледі? 3 жыл бұрын Торғай даласына жеткізілген 11 құлан қазір қайда? Заңғар Санай баяндайды.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Құланды ежелгі мекеніне жерсіндіру жобасы «Қазақстан биоәралуан түрлілігін сақтау ассоциясына» тиесілі. Қауымдастық 2017- 2020 жылдар аралығында Торғай атырабына 36 жабайы жылқы жеткіземіз деп жоспарлаған. Алайда үш жылда он бірі ғана тарихи отанына оралды.

Жабайы жануарлар бір орында тұрақтамайды. Тобыл-Торғай өңірімен қатар көршілес аймақтардың аумағын кезіп жүр. Сондықтан түз тағысын қадағалау өте қиын,- дейді мамандар.

Мұрат БАЙДІЛДИН, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Төртеуінде спутниктік қарғы орнатылған. Және олардың қай жерде жүргені белгілі. Ал қалғандарында жаңағы қарғыбау болмағандықтан қайда жүргенін білмейміз. Құландар Ақтөбеге барып келді, Қарағанды Ұлытау аудандарында сол бір жерде тұрмайды. Әрбір жерде мекендей береді. Сол себепті дәл қазір мұнда болса, ертең қайда болатынын ешкім айта алмайды.

«Қызыл кітапқа» енгізілген құланның біреуін былтыр Қарағанды облысының аумағында қаскөйлер атып алған көрінеді. Жуықта тағы бір түз тағысы мерт болды. Қайыңды ауылынан 30 шақырым жерде дала жануарының мойнына тағылған GPS қарғыбауының қозғалмай тұрғаны анықталған. Полиция өкілдері 26 желтоқсанда табылған құлан өліміне қатысты хабарлама бір аптадан кейін, яғни 3 қаңтар күні түсті деп отыр.

Талғат АХМЕТОВ, ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Оқиға орнынан жаңағы құланның мойнына ілінетін қарғыбау, басы уже барған кезде қар басып кеткен.Инспекторлар 26 күні тапқан. Бізге 3 күні кеп түсіп тұр. Инспекторлар тауып алып өздерінің бас кеңсесіне астанаға жіберіп, сосын астанадан ішкі істер бөліміне хабарлама түскен.

Полиция қылмыстық кодекстің 337 бабы бойынша іс қозғап,заңсыз аңшылық жасағандарды іздестіру-тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Браконьерлер ұсталып, қылмысы дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:


Еске салайын, Торғай атырабын құландар мекеніне айналдыру бағдарламасына орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті, Орталық Қазақстанда құландардың популяциясын қалпына келтіру жөніндегі өкілдік қолдау көрсеткен. Игі бастамаға Норвегияның биологиялық зерттеу институты қаражат бөлген. Құландарды қыра берсек, қыруар ақша берген шетелдік мамандар алдында ұятқа қалатын түріміз бар.


З. Санай