Русский Сайттың толық нұсқасы

Үшінші дүниежүзілік соғыстың қаупі сейілді

  • AstanaTV
  • 09 қаңтар 2020
  • 3062

АҚШ Иранға қарсы қатаң экономикалық санкция жариялады. Ақ үй басшысы Дональд Трамп, Иранның зымыран шабуылдарына қатысты жасаған ресми мәлімдемесінде осыны айтты. Ол Иранмен бір мәмілеге келмейінше санкциялар өз күшін жоймайтынын жеткізді. Әлем жұртшылығын алаңдатқан Таяу Шығыстағы шиеленіс қалай өрбуде? Тілшіміз тарқатады.

Үшінші дүниежүзілік соғыстың қаупі сейілді. Көптің көкейінде жүрген сауалға Трамптың мәлімдемесі нүкте қойды. Ол Иран соққысынан америкалық әскерилер зардап шекпегенін жеткізді.

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің зымырандарымыз үлкен, қуатты, әрі жылдам. Көптеген гипердыбыс зымыраны құрастырылды. Бірақ бізде осындай керемет қару-жарақ бары оларды пайдалануымыз керек деген сөз емес.

Енді Ислам республикасына қарсы санкциялар күшейе түседі. АҚШ президентінің пікірінше Иран өзінің ядролық бағдарламасы туралы ұмытып, жаңа келісімге келуі тиіс.

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Иран ядролық амбициялардан бас тартып, лаңкестікті қолдауды тоқтатуы тиіс. Ұлыбритания, Германия, Франция, Ресей және Қытай бұл шындықты мойындайтын уақыт келді.  Біз қауіпсіз және бейбіт әлемді қалаймыз. Иранмен мәміле жасау үшін бәріміз бірге жұмыс істеуіміз керек.


Трамп үкіметі билікке келгелі АҚШ пен Иран арасы тіпті де алшақтай түсті. АҚШ президенті 2015 жылы жасасқан ядролық келісімді бірінші болып бұзды. Бұдан Еуропалық одақтастары да бейхабар еді. Генерал Сулейманидің өлімі алауыздықты өршітіп, Иран да мәмілені бұзуға мәжбүр болды.   

Николай ДБЮ-ГУНДЕРСОН, КИНГСТОН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ (ҰЛЫБРИТАНИЯ):

Еуропалық елдер АҚШ-тың ядролық келісімді бұзғанын біле тұра үнсіздік танытты. НАТО-ға келетін болсақ, Трамп олардан қолдауды талап етіп отыр. Альянс мүшелері Сулеймани өлтірілгеннен кейінгі жағдайға алаңдаулы. Тіпті АҚШ-тың ішінде де президенттің іс-әрекеттері көпшілікке ұнамайды.


Трамптың іс-әрекеттері Конгрестің наразылығын тудырды. Соңғы уақытта демократтар президент өкілеттігін тоқтату жайлы жиі айтып жүр. Бүгін Конгрес мүшелері Трамп өкілеттілігін шектеу мәселесін қарастырмақ. Айта кетейік.

Сулеймани қызмет атқарған сақшылар корпусы - тұтас бір мемлекеттің әскери нысаны. Осындай ұйымның өкілін өлтірудің соңы дауға ұласуы да заңды.

Ғ. Өтемісов