Русский Сайттың толық нұсқасы

Күніне оннан аса әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды

  • AstanaTV
  • 09 қаңтар 2020
  • 3028

Алматыда күніне оннан аса нәзік жанды тұрмыстық зорлық-зобылықтың құрбаны болады. Осынша әйел дағдарыс орталығынан көмек сұрайды. Бұл туралы бүгін орталық мамандары мәжіліс депутаттарымен кездесу барысында айтты. Ал, облыс тұрғындары тозығы жеткен жол мәселесін шешіп беруді сұрады.

Алматылық Натальяның орталықта жатқанына аптадан асқан. 18 жыл отасқан күйеуінің соққысынан мезі болғанын айтады. Ол балалары мен өзінің амандығы үшін осында келдік деді. Айтуынша, отағасы отбасындағы қиындықтарды шеше алмағандықтан ашуын әйелінен алады.

Наталья, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз үйленген бастапқы бес жыл бәрі дұрыс болды. Жұмыссыздықтан мінезі өзгеріп, маған қол көтеруді шығарды. Ашуланған кезде тоқтай алмайтын. Бірнеше рет кешірім сұрап, өзгеретінін айтқан. Алайда, нәтиже шықпады. Соңғы оқиғаға шыдай алмадым. Екі апта бойы маған қол көтеріп, өлтіремін, деп қорқытты.


Мұндағылардың барлығы тұрмыстық зорлыққа тап болғандар. Орталыққа арнайы келген депутаттар, олардың жағдайымен жақынырақ танысты. Қиын кезде пана болар мұндай орындардың тиімділігін жіпке тізді.

Серік СЕЙДУМАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
 
Орталықта бес уақыт тамақ, медициналық көмек және басқа да қажетті жағдайлар жасалған. Мемлекеттік жүйе осындай жағдайда барлық көмек көрсетуге дайын. Тұрмыстық зорлыққа тап болған азаматшалардың жаңа өмір бастауына, зорлық-зомбылықсыз өмір сүруіне мүмкіндік береді.


Ал, Алматы облысы Қарасай ауданы тұрғындарымен кездескен депутаттар ауылдың тыныс тіршілігімен танысты. Ауыз су тарататын станса мен мотор майын өндіретін кәсіпорында болды. Жергілікті халық тозығы жеткен жол мен көшеге жарық тарту мәселесін шешіп беруді сұрады. Мәжілісмендер бұл жұмыстар «Өңірлерді экономикалық дамыту» бағдарламасы аясында атқарылады деді.

Омархан ӨКСІКБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ,«NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 
Нұр Отан партиясының қойған бағдарламаларының орындалғандығын баға беріп, соны жеткізуді көздеп отырмыз. Сонымен бірге біз жаңа азаматтарды қабылдап, олардың бүгінгі таңдағы заңдардың жұмыс істеу аясында және өздерінің мұң-мұқтаждарын тыңдап, өлкедегі мәселелерді көріп, соларға өзіндік шешу жолдарын белгілеп отырмыз.


Ақтөбе облысы Қобда ауданы Талдысай ауылына барған депуттаттар өңірдегі асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруа қожалығында болды. Бұл шаруашылық «Ангус» асыл тұқымды ірі қара малын өсіріп, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр. Одан өзге тұрғындардың талап-тілектерін тындады.  
  
Асылбек СМАҒҰЛОВ,ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
 
Халықтың мұң-мұқтажын тыңдау. Өйткені проблемалар бар. Қоғамдық қабылдау жасап жатырмыз. Жалпы тыңдап, оны осы жерде шешуге мүмкіндік болса,осы жергілікті жерде шешу.


Кездесуде ауыл шаруашылығын қолдау,  шаруаларға кепілсіз несие беруді қарастыру, жайылым жер мәселесі де көтерілді.

А. Кемелжан, Б. Рахметова