Русский Сайттың толық нұсқасы

Украин ұшағын Иран зымыраны атып түсірген- Д.Трюдо

  • AstanaTV
  • 10 қаңтар 2020
  • 2928

Иранның үстімен ұшып бара жатқан Украина ұшағын зымыранмен атып түсірген. Бұл туралы Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо мәлімдеді. Ол барлау қызметінің деректерін жария етті. Ал Тегерандағылар бұл мәлімдемені теріске шығарып отыр. Иранның ресми өкілі Али Рабей мұны "алаяқтық" деді. Мемлекеттер арасында дауға айналған ұшақ апаты жайлы келесі бейнематериалда.

Америкалық CNN мен New York Times ұсынған видеода көкте ұшып бара жатқан әлдебір жарықтың жарылып кеткені көрінеді. Бірақ мұның Украина ұшағы екендігін ешкім тап басып айта алар емес. Дегенмен видеодағы ғимараттар Тегеранның түбіндегі Паранд қаласының үйлеріне ұқсайды. Дауға айналған украина ұшағы да осы маңда апатқа ұшыраған еді.

Апаттың себебі туралы айтқандар әр сөзіне абай болуға тырысты. Алдымен техникалық ақау делінсе, кейін қозғалтқыш өртенді деген жорамал да жасады. Енді Канада әуе кемесі зымыранмен атып түсірілді деп отыр.

Джастин ТРЮДО, КАНАДАНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Одақтастарымыз және біздегі барлау қызметі біраз деректі ұсынды. Бұл дәлелдер ұшақтың «жер-аспан» класындағы ирандық зымыранмен атып түсірілгенін көрсетеді. Мұның абайсызда болуы да мүмкін. Дегенмен оқиға жан-жақты және тыңғылықты зерттеліп, қорытындысы ашық түрде жариялануы керек.


Әзірге әуе апатының себептерін Иран мен Украина бірлесіп зерттейтіні белгілі болды. Екі елдің сыртқы істер министрліктері тергеу тобының жұмысын үйлестіруге уағдаласқан. Енді тергеуге азаматтары қаза тапқан Канада да араласпақ ниетте.

Франсуа-Филипп ШАМПАНЬ, КАНАДАНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Иран елімен байланысқа шығып, түн жарымында сол елдегі әріптесіммен хабарластым. Тергеу ісіне Канаданың да араласуы керектігін  түсіндірдім. Біз шұғыл әрекет ететін Командамызды жіберіп, тәжірибемізді тергеу ісінде пайдаланғымыз келеді.


Ал Ирандағылар зымыран туралы мәлімдемені теріске шығарып, алаяқтық деп отыр. Осы елдің ресми өкілі Али Рабейдің айтуынша, бұл жорамалдың еш қисыны жоқ. Украина Президенті Владимир Зеленский болса, Boeing-ке зымыран тигенін алдымен дәлелдеп алу керек дейді.

Владимир ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
 
Ұшаққа зымыран тигенін теріске шығармаймыз. Бірақ мұны бізге ешкім дәлелдеген жоқ. Мемлекет басшыларының соңғы мәлімдемесін ескере отырып, барлық халықаралық әріптестерімізді, әсіресе АҚШ, Канада мен Ұлыбританияны апатқа қатысты нақты деректері мен дәлелдерін ұсынып, тергеу комиссиясына беруін сұраймын.

Бұл дауға енді ұшақтағы қара жәшік нүкте қоюы тиіс. Бірақ Иран билігі жәшіктегі жазбаны оқу үшін АҚШ-тың көмегіне жүгінбек. Өйткені ұшақ осы елде құрастырылған. Иран қайғылы оқиғаны өзі зерттеген жағдайда да, қорытындысын осы тергеу нәтижесін білуге мүдделі Украина, АҚШ сынды өзге елдерге жіберуі міндетті. Осы мемлекеттердің келісімін алған соң, құжат ИКАО-ның мақұлдауына жіберіледі.

Торонтолықтар қаза тапқандарды шырақ жағып, гүл қойып еске алуда. Апатқа ұшыраған әуе кемесінде Рождество демалысынан кейін оқуына оралған 63 канадалық бала, одан бөлек Иранның 82 азаматы, Украина, Швеция, Ауғанстан, Ұлыбританияның да жолаушылары болған.

Е.Карин