Павлодар облысында әйелдеріне қол көтеретін еркектер көбейген. Өңірде жыл басталғалы бері 10 күн ішінде 51 адам отбасының шырқын бұзыпты. Көпшілігі әйелдерін балағаттап, ұрып-соққан. Ал өткен жылы 5 мыңға жуық адам жауапгершіліке тартылған. Жанұядағы тыныштықтың бұзылуына не себеп? Тілшіміз Өзгеріс Қуанар мәселені анықтауға тырысты.
Өзін жариялауды қаламаған бұл келіншек, күйеуінен зәбір көріп, үйінен кетіп қалыпты. Айтуынша жолдасы ішімдікке жақын. Барар жері болмаған соң, екі баласымен қаладағы дағдарыс орталығынан пана тапқан.
Бірінші қыз туғанда қол көтерді. Мына қыздан кейін ойлағам. Енді екінші бала туады, қоятын шығар, адам болатын шығар деп. Мен әке-шешем жоқ өзімде. Ойладым адам болып, семья болып, бәр кісілер сияқты өмір сүреміз деп. Ондайы жоқ. Мұнда үш ай тұрып жатырмыз. Келіп, звандап көмегі де жоқ балаларға.
Жыл басталғалы, яғни 10 күн ішінде 51 ер адам отбасының шырқын бұзғаны үшін жауапгершілікке тартылған. Тағы 60-тан астам азамат полицейлердің қатаң бақылауына алыныпты.
Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қаңтардың бірі күні полицияға 40 жастағы Ақсу қаласының тұрғынынан шағым түсті. Ол жолдасының ішімдік ішіп үйде жанжал шығарып, оған ауыр сөздер айтқанын жеткізген. Күйеуіне тиісті шара қолдануын да сұрады. Оған Әкімшілік кодекстің 73 бабы, 1 бөлігі тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Полицейлер бұған дейін үйдің берекесін қашырған адамға бірден айыппұл салып, қамауға алған еді. Жаңа жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық қатысты заңға біршама өзгерістер енгізілді. Оған қатысты тұрғындар арасында дау туды.
Күләйім НҰРҒАЛИЕВА, ЗАҢГЕР:
Бірінші кезекте отбасының шырқын бұзған адамға ескерту беріледі. Егер жағдай екінші рет қайталанса, онда оған әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынып, қамау шарасы тағайындалады. Бұл тұрғындардың отбасылық бюджетіне салмақ түсірмеу үшін жасалып отыр.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Мамандардың айтуынша заңдағы бұл жеңілдік отбасын сақтап қалуға бағытталған. Өйткені, отағасына салынған айыппұлды әйелдері төлеп келіпті. Жанжал шағаруын қоймайтын және әйеліне қол көтерген еркектер енді айыппұлмен ғана құтыла алмайды. Оларды 3 тәуліктен 20 тәулікке дейін қамау Заңда белгіленген.
Ө. Қуанар