Атырауда тағы да балалар суға кетті. Көрші отырған екі бірдей отбасы қара жамылды. Жоғалып кеткен қос баланың денесі үй маңындағы Перетаска су каналдан табылған. Төтенше жағдайлар департаменті алдын алу жұмыстарының қауырт жүріп жатқанын, бірақ нәтижесі болмай жатқына алаңдаулы.
Балалар сенбі күні далаға ойнауға шыққан. Бірақ кешкісін үйлеріне оралмапты. Кешқұрым оларды іздеп шыққан туыстары су жағасынан шананы ғана тапқан. Екі күн бойы су астынан іздеген құтқарушылардың күдігі расталды. Бүлдіршіндердің денесі судан табылды.
Асхат ЕРЖАНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бірінші күн іздеу нәтиже бермеді. Екінші күні таңертеңнен бастап, 10 адам екі топта бөлініп іздеді. Бұл жаңа жылдан бергі екінші оқиға. Балалар қараусыз қалған. Бізде қатпаған мұзға шыққандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделмеген. Тек ескерту қағаздарын таратамыз, мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз әсіресе бастауыш сынып балаларына.
"Перетаска" су каналы - балалар тұратын үйлерден шамамен 100 метрдей ғана қашықтықта орналасқан. Мұнда жылу беру орталығынан шыққан жылы су айдалады. Сондықтан қысы -жазы қатпайды. Қатқан күнде, мұз өте жұқа. Балалардың бірі - қала маңындағы бес күндік мектеп-интернатта жатып оқыған. Сенбі-жексенбі күні ата-әжесіне келіп тұрыпты.
Жеңіс ҚАДЫРОВ, НАҒАШЫ АТАСЫ:
Интернатта оқиды. Бала жақсы. Ойнап жүріп шығып кеткен болып тұр ғой каналға қарай. Қазір ойнап отырады да, баланың қайда кетіп қалғанын білмей қаласың ғой көшеге шыққасын.
Суға кеткен екінші бала қаладағы №6 мектеп те 3-сыныпта оқыпты. Бүгін білім ордасы оның фотосуретін дәлізге қойып, өлең жолдарын арнапты. Ұстаздары анасына қамқоршы болып жүрген жалғыз баласы еді,- деп еске алды.
Бақытгүл ХАМЗИНА, М.МӨҢКЕҰЛЫ АТЫНДАҒЫ №6 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Баланы осындай жағдай болды деп естігеннен кейін біз мектеп ұжымы және өзім қасында болдым. Бала біздің оқушымыз болғаннан кейін жүрегіміз қақ айырылды, қиналды. Біздер ата-аналарға да түсіндіріп өттік балаларыңызды мектепте болғаннан кейін үйде қараусыз мұз айдынына жібермеу немесе қар мезгілінде далада көзінен таса етіп жібермеу деген барлығында жұмыстар жүргізілді.
Мектеп мұғалімдері де сынып сағаты мен ана-аналар жиналысында балалардың қауіпсіздік шараларын үнемі айтамыз,- дейді. Алайда нәтижесі аз болғанына өкініш білдіреді. Айта кетейін биыл "Жайық" өзенінің Атырау аумағында мұз қалыңдығы бар-жоғы 5-10 см ғана.
Б. Надирқызы