Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде жұмыссыз жүрген жастардың қатары жыл санап артып келеді

  • AstanaTV
  • 13 қаңтар 2020
  • 2375

Елде жұмыссыз жүрген жастардың саны жыл санап артып келеді. Бұған қатысты жұмыспен қамту орталығының мамандарының өз пайымы бар. Жастардың басым бөлігі мемлекеттік қызметтің жалақысын азсынады дейді.

Жалғызбасты ана Әсем Айдаубаева саудаға бір жыл бұрын ғана келген. Мемлекеттік қызметтен гөрі осы тіршілігін жөн санайды. Айтуынша қалтада күнделікті ақша болғаны дұрыс. 

Әсем АЙДАУБАЕВА, САУДАГЕР:


Осы бір жыл болды саудаға шыққаныма, жан бағу керек, бала бағу керек, жолдасым қайтыс болған 12 жыл бұрын, кредитім бар банктер звандайды, ақшаңды бер деп, соған енді саудаға шықтық,

Қаладағы жұмыспен қамту орталықтарында жағдай басқаша. Жұмыс сұрап келгендер арасында жас буын өкілдері ғана емес, зейнет жасындағылар да кездеседі. Гүлнәр 21 жаста. Ол екі қолға бір күрек іздеп жүргеніне 2 жыл болғанын айтты.

Гүлнәр КЕРІМБЕКОВА, ЖҰМЫССЫЗ:

Қазіргі таңда 5- 6 ай болды жұмыс іздеп жүргеніме. 2019 жылы әлеуметтік жұмыс мамандығы бойынша оқуды аяқтадым. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс жасағым келеді, әкімшілікте.

Қазір шаһардағы жастардың 6,1 пайызы жұмыссыз. Бұл көрсеткіш жаз мезгілінде күрт көбейеді. Қаладағы жұмыспен қамту орталығының мамандары осылай дейді. Мамандар 18 бен 28 жас аралығындағы жандар көбіне сауда мен көлік жөндеу саласында жүр дейді.

Гаухар ӘУЕЛОВА, АЛМАТЫ қ. ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда біздің мекемеге қаладағы 216-дан астам орталық 1000-ға жуық бос жұмыс орындарын  ұсынып отыр. Ондағы қызмет түрлері прокуратура, халыққа қызмет көрсету ортылықтарынан әкімдік өкілдері негізінен жас мамандарды іздейді.

Статистика бойынша елде жұмыссыздардың басым бөлігі Алматы мен Алматы облысында шоғырланыпты. Мұнан соң Түркістан, Шығыс Қазақстан  облыстары көшті жалғайды. Ал, Нұр-Сұлтанда жұмыссыздар саны алты мыңға жуықтайды екен.

Алма ЖАНДӘУЛЕТОВА, РЕКРУТИНГТІК АГЕНТТІКТІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Қазір еліміздегі жас буындар үйден шықпай-ақ, электронды пошта арқылы түйіндеме жіберуді әдетке айналдырған. Ал хабарласып тілдесуге шақырсақ, көбі келуден бас тартып жатады. Бұл бір емес бірнеше рет тіпті күнде болып жатқан жағдай. Бос жұмыс орындары көп, ал таңнан кешке дейін жұмыс істегісі келетін жастар жоқ.

Дегенмен мамандар, елдегі жұмыссыздар қатары азаятына сенеді. Өйткені жыл басталғалы бері бұл орталықтарға күніне 400-ге жуық адам жұмыс сұрап келіп жатқанын алға тартты.

Ә. Лесбек