Сыраны судай сіміріп көлік тізгіндеген жеке кәсіпкер жазаға тартылды. 35 жастағы қостанайлық сот шешімімен 15 тәулікке қамалды. Одан бөлек 7 жылға дейін көлік тізгіндей алмайды. Әкімшілік кодекстің қатаң жазасына іліккен алғашқы айыпталушы жөнінде Заңғар Санай сабақтайды.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Әкімшілік кодекстің 608 бабы 1 бөліміне өзгеріс енгізіліп, жазаның күшейтілгенін жеке кәсіпкер білмесе керек. Ол досының туған күнінде сыраға сылқия тойып, қала шетіне таксимен қайтпақ болыпты. Көпке дейін такси келмеген соң, көлігін тізгіндепті.
Мас күйінде машина жүргізген жігітті полицейлер он екінші қаңтар күні ұстаған. Оны арнайы орталыққа жеткізіп, ішімдік ішкені жөнінде қорытынды жасатқан. Айыпталушы да сыра ішіп, көлік айдағынан бірден мойындаған.
АЙЫПТАЛУШЫ:
Сыра іштім. Досымды үйіне жеткізіп салайын деп көлік тізгіндедім. Такси шақырып ек, көпке дейін келмеді. Сосын жүре берейік деп шешті. Бірақ діттеген жерімізге жете алмадық.
Жеке кәсіпкер журналистерді көре салысымен, видеотүсірілімге қарсы екенін білдірді. Тіпті ата тегімді атап, келбетімді көрсетпеңдер деп өтінді. Айтуынша қарамағында он шақты адам жұмыс ітейтін көрінеді. Қамалатын болса, қалғандарының ісі тоқтап қалмақ. Сот айыпталушының өтінішін ескермеді.
Әсел СПАНОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӘКІМШІЛІК СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Әкімшілік кодекстің 608 бабы 1 бөлімі бойынша құқықбұзушылық жасағаны үшін айыпты деп танылсын.15 тәулікке қамауға алынып,көлік құралын басқару куәлігінен 7 жылға айрылсын.
Жеке кәсіпкер 10 жыл бұрын жүргізуші куәлігін алғанын айтты. Бұған дейін мас күйінде көлік тізгіндеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Сот оның кішкентай екі баласы барын, екі аптаға басшысыз қалған қалың жұмысшыны да ескерген жоқ. Бәлкім бүгінгі сот басқаларға сабақ болсын деген шығар. Айтпақшы айыпталушы шешіммен келіспейтіні жөнінде талап-арыз түсіруіне болады.
З. Санай