Русский Сайттың толық нұсқасы

Түрмедегі экс-шенеунік мемлекет тәркілемек болған жерін даулап жатыр

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2020
  • 2456

12 жылға сотталған оралдық шенеунік мемлекет тәркілеп алмақ болған жерін кері даулап жатыр. Батыс Қазақстан облыстық әділет департаментінен хабарлағандай, қазір жазасын өтеп жатқан облыстық спорт басқармасының бұрынғы басшысы Мүсілім Оңдағановтың қорғаушысы сотқа шағым түсіріпті. Мемлекетке 120 миллион теңге зиян келтірген экс-шенеунік, осы шығыны үшін өтелер жер телімі арзанға бағаланғанды деп, келіспей отырған көрінеді. Ал сот орындаушыларының даулы жерді қаншаға бағалағаны белгісіз - ақпарат құпия сақталып отыр. Құзырлы орган Оңдағановтың өзі мен әйелінің банктегі шоттарын да тексерген. Бірақ үйінен басқа дүние-мүлкі жоғын анықтапты. Енді осы шағымнан кейін жер теліміне қатысты сот процесі қайта жалғасады.

Бақтыгүл АҒИЛМАНОВА, БҚО ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тараптардың сот шешімімен келіспеуге құқы  бар. Заңға сай қайта дауласып, шағымдана алады. Қазір сот жүріп жатыр. Осы процесс аяқталғасын, БАҚ өкілдеріне нақты ақпарат беріледі.

Айта кетелік, Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Мүсілім Оңдағанов ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, мемлекет ақшасын жымқырды деген айыппен 12 жылға сотталған еді. Тергеу барысында экс-шенеуніктің сыбайластарымен бірге 120 млн теңге жымқырғаны айтылды. Жарысқа қатысқан спортшылардың несібесіне ортақтасқан Оңдағанов қымбат көлік мініп, коттедж сатып алған. Бірақ ұрлаған ақшасын әлі өтемепті.

Е. Карин