Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылықтар қараусыз нысандарды сүруді талап етті

  • AstanaTV
  • 17 қаңтар 2020
  • 2595

Қаңғыбастардың орталығына айналған қараусыз балабақша. Алматының Жетісу ауданы тұрғындары ескі балабақшадан құтыла алмай келеді. Жиырма жылдан бері бос тұрған нысан үнемі үйсіздердің бас қосатын жеріне айналған. Балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаған жұрт сол маңдағы ескі комбинатты да сүріп тастауын сұрайды. Қарашаның бармаған жері, арызданбаған мекемесі қалмапты. Тақырыпты тілші тарқатады.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Тұрғындардың айтуынша, қаңырап қалған бұл нысан 20 жыл бұрын балабақша болған екен. Қазір қаңғыбастардың мекеніне айналғандықтан түнде айналып өтеміз, дейді жұрт. Мұнда қираған кірпіштер мен тұрмыстық қалдықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес.

Кезінде бүлдіршіндердің сыңғырлаған күлкісіне толған ғимараттың бүгінгі келбеті осы. Шатыры тесіліп, қабырғалары қақыраған. Есік, терезе болмағандықтан қаңғыбастар түнімен осы жерді паналайды. Тұрғындар ең алдымен балдырғандардың қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Қоршаусыз ғимаратта осыған дейін алты рет өрт шыққан.

Николай ЛЫСЫЧЕНКО, ТҰРҒЫН:

Бұрындары бұл балабақшаның қоршауы, күзет қызметі де болған. Кейін барлығын бұзып алып кетті. Қазір алқаштардың, қаңғыбастардың ордасына айналды. Қараусыз қалғалы бері алты рет өрт болды. Бірнеше рет өліп қалған қаңғыбастар табылды. Мұны жауып немесе бұзып тастау үшін әкімдікке де бардық.

Тұрғындардың тағы бір қорқынышы қоршаусыз, қирап жатқан комбинат. Өткен ғасырда жиырма мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған, тері өңдейтін зауыттан қазір қирандылар ғана қалыпты. Қоршауы құлап, қақпасы ашық жататын аумақтағы қоймалар құлағалы тұр. "Ойнап жүрген балаларға құлап кетсе кім жауап береді" дейді жұрт. Ашық қалған қоймадағы малдың терісі мен жүнінен шыққан күлімсі иіс күн жылыса аумақты алып кетеді.

Павел НЫШИПЪЕНКО, ТҰРҒЫН:

Жазда комбинаттың жанынан өту мүмкін емес. Күлімсі иіс қолқаны қабады. Мал терісі шіріп, кеміргіштерге азық болып жатыр. Бір ғимараттың ішінен шыққан лай су өзенге ағып жатыр. Оның тексерген адам жоқ. Көбінің кірпіштері үгіліп, қирауға шақ тұр.

Ал Жетісу ауданы әкімдігі болса аталған аумақтың жеке меншік екенін және оған ешқандай шара қолдана алмайтындарын айтады. Қараусыз қалған балабақшаның заңды иесі мәселені айдың соңына дейін шешемін деп уәде етті. Оған қоса ғимарат балабақша емес, әкімшілік нысан болған, дейді.

Мұрат, НЫСАННЫҢ ИЕСІ:

Бұл мәселеден хабардармын. Ғимаратты қоршап, күзетші қоюға үлкен қаражат керек. Сондықтан, айдың соңына дейін ғимараттың есік-терезелерін темір тормен бекітіп тастаймын. Ал, тері комбинаттың бізге қатысы жоқ.

Осылайша жергілікті билік халыққа жаны ашыса, комбинаттың да мәселесін шешіп беруі тиіс деп отыр.

А. Кемелжан