Русский Сайттың толық нұсқасы

Ең көне ағаш келі - Қарағандыда

  • AstanaTV
  • 17 қаңтар 2020
  • 5352

Ең көне «бидай түптейтін» ағаш келі -Қарағандыда. Ол жуырда мұражайға тапсырылды. 2 ғасырлық тарихы бар жәдігерді- бір әулеттің ұрпақтары жылдар бойы сақтап келген. Орталық Қазақстанда жүргізілген ғылыми- зерттеу экспедициясы барысында Сарыарқа даласынан тағы 20 шақты жәдігер мұражай қорын көркейтті. Сырмақ, келі- келсабтар мен саптыаяқ, тұскиіздердің кейбірін ауыл тұрғындары арзанға сатса, кейбірін жергілікті шеберлер сыйлаған. Жәдігерлер көрмесін тілшіміз Айжан Қуаш тамашалап қайтты.

Бұл- 2 ғасырлық тарихы бар Қазақстандағы ең көне ағаш келі. Бір әулеттің ұрпақтары осы ыдыста жылдар бойы бидай үккенін елестету қиын. Өйткені ағаштан жасалған тұрмыстық бұйым қазір қолданыста жоқ. Сондықтан болар бабалар мұрасын ұрпақтары Ақтоғай ауданының мұражайына тарту етіпті.

Тәбәрәк ЖАРМАҒАМБЕТОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АҚТОҒАЙ АУДАНДЫҚ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ- ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ МҰРАЖАЙ ДИРЕКТОРЫ:

Салмағы қазір 7-8 кг. Өйткені түптеген уақытта бидайды қатты ұрып түптеу керек. Түптеу деген бидайды салғаннан кейін үстінен ұрып су себіп отырады да ұрған кезде бидайдың сыртқы қабаты аршылады.

Сарыарқаның сәндік қолөнері және ою- өрнегі» көрмесіне 20- дан астам жәдігер қойылды. Олар - түскиіз, сырмақ, бесік, қобыз, келі, келсаб, саптыаяқ, күбі, аспа, қамшы. Тіпті жастықтарда бар. Ең көнесі 18-19 ғасырларда қолдан ойылып, өрнектелген.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Мына түскиіз сонау 18-інші ғасырда тігілген.  Бұрын аналарымыз күні- түні көз майын тауысып, бұл бұйымды тұрмысқа шыққан қызына тігіп сыйға тартатын болған. Бұл- қыз жасауының негізгі элементтерінің бірі.

Мұражайшылардың айтуынша, ескі жәдігерлер ауыл тұрғындары мен шеберлерінің туындылары. Қолөнершілер оларды сыйға тартса, қарапайым халық өте арзан бағаға сатқан. Мұндағы ең қымбат деген дүние небәрі 100 мың теңгеге  алынған. Алайда бірегей экспонатттарды жинау үшін ғылыми қызметкерлер  арнайы экспедицияға шығып, бірнеше ай бойы ауылдарды аралапты.

Назерке ЖАРТЫН, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бұйымдар жалпы 19 ғасырдың басы, соңғы кезеңдерін қамтиды, 20 ғасырдың басын да қамтып отыр. Құндылығы- қазір қолданыста жоқ. Эспонаттардың барлығы экспедиция барысында жиналған.

Сарыарқаның сәндік өнері бүгін көреремендердің де көңілінен шықты. Келушілер ертедегі адамдардың экологиялық таза заттарға ден қойғанын айтады.  

Қаламқас ӘШТАЕВА:

Қазақта тегін жасамаған жаңағы сырмақ,  жастықты. Олар адам денсаулығына пайдалы. Бірқалыпты температураны ұстап тұрады.  Қазір синтетика көп, ал бұл табиғи нәрсе. Мысалы қойдың жүнінен жасалған. Қойдың жүні адам денсаулығына пайдалы, энергия береді екен.

Жәдігерлер көрмесі жыл соңына дейін ашық. Олардың тарихы «Сарыарқаның сәндік қолөнері мен ою- өрнегі» атты кітап- альбомға да топтастырылған.

А. Қуаш