Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда көшеде қайыр сұрап жүрген 7 жастағы баланың ата- анасы іздестіріліп жатыр

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2020
  • 2723

Қарағандыда қайыр тілеп көше кезген 7 жастағы баланың ата- анасы табылмай жатыр. Оны полицейлер қаладағы орталық әмбебап дүкеннің алдында белгісіз әйелмен бірге жүргенде тауып алған. Қазір ол уақытша бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Еш құжаты болмағандықтан, кім және қайдан келгені де белгісіз. Арада бірнеше апта өтсе де жеткіншекті ешкім іздеп келмеген. Қазір білім бөліміне қарасты қорғаншылық және қамқорлық секторы «белгісіз жанның» анасын іздеуде.

7 жастағы бала Теміртау қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатқанына бірнеше апта болды. Оны полицейлер Қарағандыдағы орталық дүкеннің алдында қайыр сұрап жүрген жерінде тауып алып, осында әкелген. Мұндағылар тілемші баланы Руслан деп атайды. Қасындағы әйел инспекторларға оның аты- жөні Руслан Миронов, - деп айтқан. Тіпті Қостанайдан келіп қиын жағдайға тап болдық, - деген. Алайда тексеру кезінде оның барлығы жалған болып шығыпты. Ал әйел болса сол күннен бері ізін суытқан.

Әсем ЕРІШЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ ҚОРҒАНШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАМҚОРЛЫҚ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Баланың жанында болған әйелдің айтқан сөздері расталмады. Ол міне бірнеше апта өтсе де бізбен хабарласқан жоқ. Балаға да келмеді. Баланың кім екені белгісіз. Қостанайдың еш жерінде тұрмайтыны, тіпті ешбір мектебінде оқымағаны анықталды. Қай жерде туылғаны да белгісіз. Құжаты жоқ. 

«Белгісіз бала» Руслан қазір бейімдеу орталығындағы жаңа ортаға үйренуде. Тәрбиешілердің айтуынша, бала әдбен бұйығы болып қалған. Ешкіммен сөйлеспейді. Тіпті, аты- жөні мен анасы  туралы да айта алмайды. Оны мамандар мылқау деп ойлап қалыпты. Алайда кейін сөйлеуге қабілеті барын байқаған. Қазір онымен психолог, логопед, дефектолог мамандар айналысып жатыр.

Елена ТИМЕРШАИХОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ:

Бала өз ортасымен араласа алмайды. Сұраққа жауапты ыммен ғана қайтарады. Бұл- үлкен күйзелістің салдары болуы мүмкін. Уақыт өте келе бірнеше сөз айтты, оған да қуандық. Даму деңгейі 3 жастағы баланыкымен тең. Дегенмен сырт көзге дені сау. Алайда қазір арнайы комиссия құрылды. Нақты қорытындыны психотерапевт секілді арнайы мамандар жасайды.

Дегенмен бейімдеу орталығы «белгісіз баланы» мектептің 1- інші сыныбына беріп үлгерген. Уақыт өте келе Руслан алдыңғы өміріндегі күйзелістен шығады,- деген үмітте. Ал қамқорлық секторы баланың анасын әлеуметтік желілер арқылы іздеу жариялады.  Егер табылмаса балаға жеке басын растайтын құжат жасалып, 3 айдың ішінде балалар үйіне жіберілмек.

А. Қуаш