Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда өнертапқыштар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың ортақ жобасы іске қосылды

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2017
  • 3008

Мүгедектерге қолдау. Қарағандыда өнертапқыштар мен мүгедектердің жұмысын біріктіретін «Мейкатон ТОМ Қазақстан» халықаралық әлеуметтік жобасы іске қосылды. Қазақстандық студенттер мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесіп, күнделікті қиындықтарымен танысты. Сөйтіп, болашақ мамандар жарымжандардың тұрмысын жеңілдететін қондырғылар жасап шығармақшы. Жобаның бірінші кезеңінде Қарағанды медициналық университтетінің студенттері мүмкіндігі шектеулі адамдардың тілек-ұсыныстарына сай күнделікті тұрмыста қажетті заттардың тізімін жасады. Олар қимыл-қозғалысында ақауы бар және көз бен құлақтарында кемістіктері бар жандарға көмек бола алатын, сондай-ақ бағдар беретін қондырғылар. Өнертапқыштар ол құралдарды ойлап таппаса да, өндірісте барларын ерекше адамдардың тұрмысына бейімдеп жасауға әзір. Бірнеше студент арнайы гранттар жеңіп алған. Болашақ ғалымдар биыл 10 топқа бөлініп, мүгедектер тапсырыс берген құралдарды құрастырады. Ең үздік жобалар келесі жылы өтетін шарада таныстырылмақ. Жоба авторлары осылайша, мүгедектерге қолдау жасай отырып, студенттер арасында кәсіпкерлікті де дамытамыз,- деп отыр.

Жәнібек Байтоқов, Қарағанды облыстық зағиптар қоғамының төрағасы:

Мүгедектердің смартфондарына түрлі бағдарламалар керек. Мысалы, «Қолжетімді Қарағанды» деген секілді. Ол зағиптарға автобустың аялдамаға келгенін, сосын жаяу жүргенде оңға, солға деген бағыттарды айтып, дыбыстық белгі беріп тұрса, өте жақсы.

Сәния Арапова, «Тель-Авив университеті - достар қауымдастығы» ЗТБ вице-президенті:

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрмысын жеңілдету - біздің мақсатымыз. Бірақ ол үшін велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Қолда бар заттарды бейімдеп, қолданысқа енгізсек болды. Бұл IT, медицина мамандары мен инженерлердің қолынан келеді.