Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда "Еңбек" бағдарламасы арқылы 400 мың жұмыс орны құрылды

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2020
  • 2573

Елде «Еңбек» бағдарламасы басталғалы 90-ға жуық сыбайлас жемқорлық ісі тіркелген. Бағдарлама қатысушылары жарты миллиард теңгені пайдасына жұмсаған. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте белгілі болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2017 жылдан бері бағдарламаға 1 миллионнан астам азамат қатысқанын айтты. Субсидия беру арқылы 400 мың жұмыс орны құрылған. Министр бұған қарамастан, жобаны іске асыруда айтарлықтай келеңсіздіктер болды деп отыр. Сондықтан  бағдарламаға өзгерістер енгізілетінін жеткізді.

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Әлеуметтік жұмысқа алатын кәсіпорын ақшаны жеп қойғысы келеді. Себебі берілетін субсидия жұмыс берушіге беріледі. Ал енді оған бермейміз. Жұмысшының өзіне төлейміз. Екіншісі, сен жұмысқа алсаң міндетті түрде электронды еңбек шартын жасасуың керек. Жасаспасаң біз саған ақшаны бермейміз дейміз. Бұл да тосқауыл қоятын жағдай.

Мақсатсыз жұмсалған қаражат көп. Парламент мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова 6 миллиардқа жуық сома нарықта сұрансықа ие емес мамандықтарды оқытуға жұмсалғанын айтты. Оның айтуынша, бағдарлама аясында білім алған 80 мың адамның бар-жоғы 23 мыңы жұмысқа орналасқан. Қоғамдық кеңес мүшелері «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда келеңсіздіктерді жою үшін министрге бірқатар ұсыныс жасады.

Бақытгүл ХАМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Талап болмаған жерде тәртіп болмайды. Сондықтан анау да, мынау да кінәлі емес десек, партияның күші жойылады. Жауапты адамдар өз жауапкершілігін сезінуі үшін жауапкершілікті жүктеу керек деп ойлаймын.

Ғ. Өтемісов