Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте 600 жас қоныс тойын тойлауда

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2020
  • 1783

Шымкентте жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 600 отбасы пәтер кілтін алып үлгерсе, тағы 304-і таяуда қоныс тойын тойламақ. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көргендердің қуанышын әріптесім Айзада Төребекқызы жеткізеді.

Жаңа қонысқа жайғасып, арқа-жарқа боп жатқандардың бірі Пазылбек әулеті. Жас отбасы екі бөлмелі пәтердің кілтін 8-қаңтар күні алған. Шұғыл көшіп келген қазір керек-жарағын түгендеп шапқылап жүр. 24 жастағы Жансаяның айтуынша үш жыл бұрын отасқан олар ауылдағы ана-енелерімен бірге тұрып келіпті. Күйеуі де қаладағы жұмысына ауылдан қатынап жүрген. Бәрінен бұрын таңғы бес жарымда жолға шығатын күндер артта қалды деп қуанады. 

Жансая КӨМЕКБАЙ, ЖАС ОТБАСЫ:


Баспаналы болып жатқанымызға өте қуаныштымын. Осы жастар бағдарламасымен алып жатырмыз. Алдында Сайрам ауданында тұрдық. Күйеуіме сәл қиындау болды жұмыстан келіп кету. Қазір жұмысы жақын, келіп кетуі жақсы болды, ертерек келіп.

Жас отбасы пәтерді сатып алу құқығынсыз, бес жылға жалға алып отыр. Десе де, бұл бағдарлама ай сайын тапқанын пәтерақыға жұмсағаннан әлдеқайда тиімді, дейді Жансая.

Жансая КӨМЕКБАЙ, ЖАС ОТБАСЫ:

Айына 6,5 мың теңге төлейміз. Қалған ақшамызды өзімізге жинап отырамыз. Қалада пәтерлер қымбат, сондықтан жақсы болды бұл пәтерді алғанымыз.

Айта кетейін, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкентте 2019 жылдың есебі бойынша 904 пәтер беру жоспарланған.  Соның 600-нің кілті табысталып үлгерген. Өзге 304 пәтердің құжаты рәсімделу үстінде. 

Жұлдызай ОРДАБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Ол жерде басты  талаптарымыз міндетті түрде Шымкент қаласында 2 жыл тұрақты тіркеуде тұруы, 2 жыл иеліктерінде тұрғын үй болмауы және 40 АЕК тен төмен емес айлық көрсеткіші болуы яғни 101 мың теңгеден және депозиттік  шот дейді ғой сол шоттарының болуы талаптары болатын. Осы талаптарға сәйкес біз екі кезеңмен жастардан құжаттар қабылдадық.


Жұмыс істеп жүрген жастар жаңа пәтерлерге шетінен жайғасып жатыр. Берілген көпқабатты үйлерде жылу, жарық пен су қосылған.  Тұрғын үй инспекциясындағылар көгілдір отын мен жеделсаты тұрғындар 70 пайыз қоныстанғасын қосылатынын айтты.  Жалпы үш жылға көзделген бағдарлама бойынша келер жылдың соңына дейін Шымкентте екі мыңға жуық жас баспаналы болмақ.

А. Төребекқызы