Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы жылу құбырларының 62% сын көтермейді

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2017
  • 3011

Алматыдағы жылу құбырларының 62% сын көтермейді. Ескіріп, тозығы жеткен. Бұл туралы «Алматы жылу жүйесі» ЖШС бас инженері айтты. Дмитрий Кирдяйкиннің мәліметіне сүйенсек, мегополисте 1174 шақырым құбыр желісі бар. Тікелей көшелерде тартылған магистральды жылу құбырлары мен тұрғын үйлерге бөлінген шағын желілер. Барлығын дерлік бір жылда қайта жөндеуден өткізу мүмкін емес көрінеді. Сондықтан жыл сайын 11-12 шақырымы ғана ауыстырылады. Бірақ биыл жоспарды үш есеге артық орындадық, - дейді бас инженер.

Дмитрий Кирдяйкин, «Алматы жылу жүйесі» ЖШС бас инженері:

Қаладағы жылу құбырлары аралықта 10 жыл жөндеу көрмеді. Осыған байланысты 62 пайызының тозығы жеткен. Сын көтермейді. Тіпті, биыл 32 шақырымды қайта жөндеуден өткізгенімізбен айтылған көрсеткішті төмендете алмадық. Міне, сол себепті, жыл сайын апаттық жағдайлар орын алуда. Арадағы жылдардың орнын толтыру үшін барынша жұмыс жоспарын көбейту үстіндеміз.

Бас инженердің айтуынша, биыл 32 шақырымдық құбырды ауыстыруға республикалық және жергілікті билік бюджетінен 20 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, серіктестік өкілдері, Алматы қаласында кеште болса жылу беру маусымы басталғандығын ресми түрде мәлімдеді. Қазіргі уақытта өңірдегі әлеуметтік нысандардың 99 пайызы, ал көппәтерлі тұрғын үйлердің бар-жоғы 16 пайызы қосылған.

Айдын Сайлаубай, «Алматы жылу жүйесі» ЖШС бас директорының орынбасары:

475 нысаннан 470 қосылды. Бүгін бір күн ішінде қалған бесеуі қосылу керек. Көп қабатты тұрғын үйлердің 900 қосылды. Қалған 5778 осы аптаның аяғына дейін қосылуға күтіп отыр. 

Олжас НҰРЖАҚЫП