Қарағандыда автобус жүргізушілерінің қатысымен болатын қайғылы оқиғалар көбейген. Қыс басталғалы олардың кесірінен 40 шақты жаяу жүргінші жарақаттанып, мүгедек болып қалса, 2 адам көз жұмған. Кеше ғана автобус жүргізушісі 62 жастағы әйелді тура жаяу жүргінші жолында қағып кетті. Қала тұрғыны қазір ауыр халде ауруханада жатыр.
Бағдаршамның рұқсат белгісіне қарап жолдан өткелі жатқан жаяу жүргіншіні қатты жылдамдықпен жүйткіген 118- інші бағыттағы автобус қағып кетті. Қарияының жағдайын дәрігерлер ауыр деді.
Берік ТӨЛЕУБАЕВ, Х. МАҚАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨП САЛАЛЫҚ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Науқас ауыр жарақат алған. Жабық ми жарақатын алған, қаншама сүйектері шыққан. Бас миы іскен. Халі өте ауыр. Бірнеше ота жасалды.
Алдын ала болжам бойынша оқиғаға кінәлі автобус жүргізушісі. Дегенмен нақты қорытындылар тиісті сараптамалардан кейін белгілі болмақ.
Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Аталған жол көлік оқиғасы бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешімдер қабылданады.
Айжан ҚУАШ, СТЕНДАП:
Автобус жүргізушілері бағдаршамдағы белгіні де, көз алдындағы адамды да байқамай қалады. Салдарынан дәл осы жаяу жүргінші жолдарында оқыс оқиғалар көбейген. Өткен қыстан бері 40 адам жарақаттанса, 2 адам көз жұмған. Жараланғандардың көпшілігі мүгедек болып қалған.
Полицейлер арнайы рейдте автобус тізгіндегілердің күн сайын жүздеген жол ережесін бұзатынын анықтаған. Оның ішінде телефонмен сөйлесу, бір- бірімен жарысу фактілері алдыңғы орында тұрғанын жеткізді.
Алайда автопарк басшылары бізге қандай бір ақпарат беруден бас тартты. Ал халық қоғамдық көлік жүргізушілері негізінен тәжірибесі аз жастар екенін айтады. Сондықтан оларды жұмыс берушілер қатаң бақылауы тиіс, - деп санайды.
А. Қуаш