Русский Сайттың толық нұсқасы

«Коронавирус отандық киім өндірісіне деген сұранысты арттыруы мүмкін» - "Атамекен"

  • AstanaTV
  • 06 ақпан 2020
  • 2678

Қытай шекарасының уақытша жабылуы отандық киім өндірісіне оң әсерін тигізбек. Бұл туралы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мәлімдеді. Мамандар жыл сайын аспан асты елінен бірнеше миллиард долларға жуық тауарлар әкелінеді дейді. Бірақ көрші елмен импорт мәселесі шектелсе, отандық өнімдердің дәурені жүреді деп отыр. Әсем Лесбектің репортажы.

Қаладағы мына тігін фабрикасы көбіне әскери киімдер мен күртешелерді тігеді. Кәсіпорын тек мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасайды. Тігіншілер Қытайдағы қауіпті індет шаруамызды дөңгелетеді деп үміттенеді. Екі ел арасындағы шекара ашылмаса, отандық өнімге сұраныс артар еді дейді.

Людмила ЛИСНЕВСКАЯ, ТІГІН ФАБРИКАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ:

Әрине бізде өзіміздің әскери тауарымызды базарларға шығарғымыз келеді. Бірақ одан пайда жоқ. Өйткені қытайлық киім-кешектер арзан бағада сатылады. Шекара жабылып, импортқа шектеу қойғаны бәрінен бұрын бізге тиімді болар еді.

Өндіріс мамандарының бұл пайымымен отандық кәсіпкерлер де келісіп отыр. Сарапшылар сауда-саттық тек Қытаймен ғана емес басқа елдермен де тоқтатылуы керек дегенді алға тартты. Сонда ғана отандық өнімдердің тасы өрге домалайтынына сенімді.

Дәулет АСЫЛБЕКОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП САРАПТАМА ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Біздің отандық тауар өндірушілерге өте үлкен мүмкіндік пайда болды. Яғни қытайлық тауарлардың орнына өзіміздің отандық тауарлармен алмастыруы бойынша. Бұған қоса қазіргі кезде «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы енгізілген. Бұл бағдарлама бойынша отандық өнеркәсіптер 6 пайызбен несие ала алады. Соның арқасында шығарылатын тауарларын көбейтуге болады.

Мамандар елне жыл сайын «Қорғас» халықаралық сауда орталығынан 2 миллиард долларға жуық тауар әкелінетінін айтты. Ресми мәлімет бойынша былтыр 76 миллион доллардың киім-кешегі импортталған. Аталмыш тауарлар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркия және Бангладеш сынды елдерден әкелінген.

Ал шенеуніктер болса, отандық өнімдердің әлі-ақ сұранысқа ие болатынын айтып отыр. Тек сабыр сақтап күту қажет дейді.

Бектас БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Елімізде көптеген өнеркәсіп түрлері бар. Отандық киім-кешектен бастап азық-түлікке дейін жасалынып жатыр. Аталмыш мекемелерге жұрттан сұраныс болуы үшін біраз уақыт кетеді. Дегенмен отандық өнімдеріміз бізге септігін тигізері сөзсіз.

Десе де Алматылық блоггер Бану Ерсарының гардеробында бірде-бір отандық киім жоқ. Осылай деген бойжеткен тек шетелдік қымбат брендтерді алады. әселен бүгінгі киген киіміне жарты миллионға жуық қаражатын жұмсаған.

Бану ЕРСАРЫ, БЛОГГЕР:

Бір айда киімге өте көп құртамын. Күртешем 200 мың, лосина 30 мың, ішіндегі кеудеше 70 мың, аяқ-киімім 70 мың. Ұнатқан киімдерімді шетелдік компаниялардан алып отырамын. Егер ұнаса киемін қазақстандық дизайнердан. Басқа бір брендтік фирманың киімдерімен салыстырғанда біздің қазақстандық дизайнерлардың киімі өте қымбат.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Осылайша, жұрт отандық қымбат сәнгерлердің емес, шетелдік брендтерді тұтынған тиімдірек дейді. Қазақстандық өндіріс даму үшін бағасы қолжетімді, ал сапасы жақсаруы қажет деп отыр.

Ә. Лесбек