Русский Сайттың толық нұсқасы

«Nur Otan» партиясының көмегімен көпбалалы отбасы баспаналы болды

  • AstanaTV
  • 06 ақпан 2020
  • 2203

Ақмола облысында көп балалы отбасы баспаналы болды.  Алтын алқа иегерінің арманын орындауға «Nur Otan» партиясы қол ұшын созған.  Алтын құрсақты ана Надежда Шкаровских бірнеше жыл бойы баспаналы болуды армандаған. Жағдайы төмен отбасы жалдамалы лашықты паналап келіпті. Жуырда ғана қоныс тойын тойлаған көпбалалы отбасының қуанышымен әріптесім бөлісіп қайтты.

Жеті бала өсіріп отырған Надежда бірнеше жылдан бері бозаң тартқан жалдамалы үйді паналап келген. Баспанасын кеңейтуге мүмкіндігі болмапты. Аудан әкімдігіне жүгініп, үй кезегіне де тұрған. Бірақ 5 жыл бойы кезегі бір сатыға да жылжымапты.

Надежда ШКАРОВСКИХ, АҚКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өмір бойы баспананы армандадық. Әкімдіктің де табалдырығын тоздырып біттік. Кезегіміз 142-ші орыннан жылжыған емес. Ақыр соңында, облыстық партияға жүгінуге мәжбүр болдық. Олар кіріскен соң қанша жыл бойы жылжымаған кезек бірден 20-шы орынға көтерілді.

Осылайша «Nur Otan» араласуымен баспанаға зарыққан жанұя жеңілдетілген несиемен 3 бөлмелі үйге ие болды. Енді 15 жыл бойы ай сайын 32 мың теңге несие төлейді. Несиенің алғашқы жарнасын кәсіпкер өтеп берген. Қуанышқа кенелген отбасы қоныс тойын тойлағанымен, жәрдемақыдан қағылып отыр. Бұған кәсіпкер көрсеткен көмек себеп.

Надежда ШКАРОВСКИХ, АҚКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Nur Otan» көмегімен баспаналы болғанымызға қуаныштымыз. Бірақ кәсіпкер берген ақшаны кіріс ретінде санап, әлеуметтік көмекті алып тастады. Енді көктемде қайта өтініш беріп көреміз.

Галина ШКАРОВСКИХ, АНАСЫ:

Бұл үйді алу үшін біраз тер төктік. Алайда Құдайға шүкір жомарт жандар мен облыстық «Nur Otan» партиясының өкілдері қол ұшын созып, ақыры арманымыз орындалды. Оларға үлкен алғысымды айтамын.

Ғ. Өтесмісов