Русский Сайттың толық нұсқасы

Шамалғандағы теміржолда болған апатта зардап шеккен отбасы 40 миллион теңге моралдық шығын талап етті

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2020
  • 2689

40 миллион теңге! Алматы облысында теміржолда болған жантүршігерлік апатта зардап шеккен отбасы- қомақты қаржыны  моралдық шығын ретінде талап етеді. Өйткені жәбірленуші Эльмира Жәнібекованың 4 және 5 жастағы қос қызы қазір мүгедектер арбасында. Ал бекеттегі қайғылы оқиғаға күдікті ретінде сол күні өткелде кезекшілік еткен азамат тартылған.

Алматы облысындағы жантүршігерлік апаттың бүгінгі кезекті сот отырысына келгендердің қарасы қалың. Сотқа 50-ден астам куәгер мен жәбірленуші келді. Отырыс бастала салысымен судья, сөзді жәбірленуші Эльмира Жәнібековаға берді. Келіншек қос қызымен бірге сол күні автобус ішінде болған.

Эльмира ЖӘНІБЕКОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
 
Автобустан шыға алмайтынымды білгеннен кейін екі баламды водительдің артына орындыққа отырғыздым. Отырғызып үлгергенімде поезд келіп соқты. Одан кейінгі есімді жоқ тек далада жидым. Қазір балаларым да өзім де үйдемін. Жолдасым қарасуда. Өйткені екі балам да мүгедектік алды.


Жүрегі қан жылаған ана қыздарының келешегіне алаңдайды. Дәрігерлер қолдан келгенді жасағанымен, бүлдіршіндерім өздігінен жүріп тұра алмайды дейді. Қорғаушысы сот отырысында отбасының моралдық шығынын өтеп беруді сұрады.

Анар ШЫНЫБЕКОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:

Қазақстан Теміржолы Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы осы қылмыстық іс бойынша азаматтық жауапкер ретінде танылуы тиіс деп санаймын. Және Қаскелең Автобус Паркі оның жұмыс беруішісі осы іс бойынша азаматтық жауапкер болуы тиіс. Жәбірленуші Жәнібекова және екі кәмілетке толмаған баласы моральдық зиянды әрқайсысына 20 млн теңге деп бағалап отыр.
 
Елді дүрліктірген апатқа күдікті ретінде сол күні өткелде кезекшілік кеткен 60 жастағы Досбатыр Ахметжанов тартылған. Прокурор оған темір жол қозғалысы қауіпсіздігінің ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан деген айып таққан. Аталмыш айыппен күдіктінің адвокаты келіспейді. Ол өмірінің жартысын өз қызметіне адал арнаған азаматтың еш кінәсі жоғына сенімді. Сондықтан іске қатысты сараптамаларды «қайта жүргізу керек» деді.

Шәмиян ЖАЙЫЛХАНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚОРҒАУШЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:
 
Айыптау актісі менің ойымша Солоненка мен Колешниковтың қорытындысы негізінде жасалған. Ол дұрыс емес. 55 секунд кешірек көк нүктені басты деп тұр. Ол еш жерде нүктені дәл уақытында басты ма кеш басты ма бірде-бір прибор еш жерде есептемейді. Бұл орысша айтқанда «искать не причину, а крайного человека кого можно было сожать!

 
Ал тергеу мәліметтеріне сенсек, диспетчер өз міндетін дұрыс орындамай, темір жол қозғалысы қауіпсіздігінің ережесін бұзған. Апат қаупі төнгенде отарбаның машинистіне жылдамдықты тежеу туралы хабар да бермеген деді. Сот отырысында куәгерлерде судьяға көрген-білгенімен бөлісті.

Айта кетейік, Шамалған бекетіндегі апат былтыр қыркүйекте болған. Өткелде тұрған автобус бен жүйткіген пойыз соғысып, қоғамдық көлік жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кетті. Сондай-ақ үш адам жансақтау бөліміне түсті.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Жалпы жантүршігерлік апатқа қатысты істе 50-ден астам куәгер бар. Бүгінгі отырыста олардың жартысынан ғана жауап алынды. Сотта күдікті Досбатыр Ахметжановтың кінәсі дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін  екені ескертілді. Оған қоса азамат 10 миллион теңге материалдық шығынды өтіп беруі тиіс. 

Ә. Лесбек