Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жаппай улануға жәндіктерге қарсы дәрі себеп болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2020
  • 3461

Шымкентте бірден бес адамның улануына тарақанға қарсы химикат себеп болуы мүмкін. Санитар мамандардың алғашқы болжамы осындай. Белгісіз иістен үш бала ауруханаға түсіп, дәрігерлерге 8 айлық сәбиді аман алып қалу мүмкін болмаған. Айта кетейін, белгісіз заттан уланған бесеу - ағайынды, екі отбасының мүшелері.

Сәбиінен қапыда айрылған Ділшат Абдрасулов, әпкесінің жалдамалы пәтеріне уақытша тұрақтаған екен. Сегіз айлық Гүзәл жас отбасының тұңғышы. Сәрсенбінің кешінен келіншегі мен қызының мазасы қашқан. Лоқсу, әлсіреу белгілерімен жедел жәрдем оларды жұқпалы аурулар ауруханасына апарыпты. Аақсарған соң, үйлеріне қайтқан. Алайда түнге қарай сәбиінің жағдайы нашарлаған. 

Ділшат АБДРАСУЛОВ:
 
Сағат төрттер жобасы болып қалды да таңғы. Ол кезде күшеніп жылап, денесі сәл мұздағаннан кейін жаурап жатқан шығар дедік. Болмағаннан кейін жақтары еріндері көгере бастады, содан кейін сразу больницаға көлікпен өзіміз кеттік.

Ділшат тоқтаусыз құсқан екі жиенін де ауруханаға өзі жеткізген. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Әпкесі мұның бәрі төменгі қабаттағы пәтерді екі рет дәрілегеннен деп отыр.

Алинұр ЛОБИСКО:

Екінші мәрте ескертпеді бізге. Сол бірінші келген кезде есік-терезені ашып жауып неғылсаңдар болды деді. Біреудің кесірінен біреудің қызы қазір қайтыс болып отыр. Менің екі балам реанимацияда жатыр қазір.

Ауруханаға Ділшаттың келіншегі мен қарындасы да қаралған. Алғашқы көмектен соң үйлеріне жіберіліпті.

Мадина ЕРМАХАНБЕТОВА, Т.ОРЫНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ГИПЕРБАРИЯЛЫҚ - ОКСИГЕНАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Бүгінше науқас балалар жансақтау бөлімінде қалдырылады. Жағдайының жақсаруына байланысты біз токсикология бөлімшесіне ауыстырамыз. Бірақ ол бүгін ертең деп сіздерге тоже айта алмаймыз. -Есіне келіп жатыр ма балалар? -Иә, балалар есінде.

Санэпидемиологтар пәтер ішінен ауа мен азық-түлік сынамаларын алып, тексеруде. Мамандар жаппай улануға төменгі қабатта орналасқан пәтердегі бүрге мен тарақанға қарсы дәрілеу жұмыстары себеп болуы мүмкін дегенді жоққа шығармайды.

Алмат ҚОСАЛИЕВ, ШЫМКЕНТ қ. ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тексеру кезінде анықталғаны ол кісі өңдеумен айналысатын кісі екі әдісті қолданған екен. Ол біреуі газбен, ал біреуі сұйықтық ретінде қолданған екен. Және де біздің ойымызша ол газ қолданылған жер вентиляциялық каналдармен көрші пәтерлерге өтті деп ойлап отырмыз.

Мамандар ауа сынамасын көршілес 12 пәтерден алынғанын айтты. Зертханалық жұмыстар бір аптадан соң дайын болмақ. Ал залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген азамат улануға өзі сепкен сұйықтық себеп болуы мүмкін емес деп санайды. Телефон арқылы тілдескен ол сұқбат беруге келіспеді. Сондай-ақ, дезинфекция екі рет жасалды дегенді жоққа шығарды. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ал ай күннің аманында 8 айлық сәбиінен айрылған отбасы кінәлілердің әділ жазасын алуын сұрап отыр. Қазір бұл іспен полиция да айналысуда. «Абайсызда қазаға ұшырау» бабы бойынша тергеп-тексеру амалдары басталған.

А. Төребекқызы